Валя Карнавалды жарнамаға шақырғаны үшін отандық бренд хейттің астында қалды

Жарнамасына ресейлік блогер,тиктокер, әнші Валя Карнавалды шақырғаны үшін отандық Sen Sulu хейттің астында қалды. Тұтынушылары бренд өнімдерінен бас тартып, кейбірі тіпті қоқысқа тастап жатыр.
Мәселенің мән-жайы
Отандық Sen Sulu бренді 15 мамырда жаңа өнімін таныстырды. Sen Sulu Thermo Mascara атты кірпік бояуын таныстырды. Оның жарнамасына ресейлік блогер Валя Карнавал түскен. Бірақ брендтің тұтынушылары бұл жарнаманы сынға алып, желіде жаппай өнімдерінен бас тарта бастады.
«…Мен sen sulu-ды бүгіннен бастап қолдамаймын, себебі Карнавал ресейлік блогер. Ресей – соғысты қолдайтын ел. Әр сатып алған затымнан аммбасдор болғаны үшін Карнавалға пайыз бөлініп отырады, ал сол ақшаға Карнавал Ресейге салық төлейді
…Біз ақшамызды Sen Sulu-ға бермейміз деп шештік. Біз – осы брендтің мақсатты аудиториясы едік. Бірақ ол косметиканы Қазақстанда ұлт араздығына қатысты басы дауға қалған қыздың жарнамалағанын қаламаймыз», – деп жазады желі қолданушылары.
«Жаңа нарыққа шыққымыз келді»
Компания Карнавалды жаңа нарыққа шығу үшін таңдағанын айтады. Өзін Sen Sulu маркетологымын деп таныстырған Бақытгүл Қазбекова жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Жақында болған коллаборацияға қатысты мәселені түсіндіргіміз келеді. Валя Карнавал Sen Sulu брендінің Қазақстандағы немесе басқа елдегі амбассадоры емес. Біз жаңа нарыққа шығып, аудиторияны кеңейту үшін тек жарнамалық компания, коллаборация үшін ғана серіктес болдық», – деп түсіндірді ол.
Бірақ маркетологтың пікірі жағдайды реттей алмады. Желі қолданушылары Валя Карнавалдың бұрын қазақ аудиториясымен жанжал болғанын еске салып, осыған қарамастан оны жарнамаға тарту қателік болды деп есептейді. Әрі брендтің парақшасы, компания өкілдерінің мүлде мемлекеттік тілді қолданбайтынын, бизнест3 мемлекеттік тілде жүргізбейтінін де айыптады.
Ресей саясатын насихаттаушы блогер
Валя Карнавал – ресейлік тиктокер, блогер, соңғы бірнеше жылда жаңа трек жазып, әнші ретінде де сахнаға шығып жүр. 2020 жылы қазанда Forbes Russia Валяны ең табысты тиктокерлердің бірі деп атады.
Карнавал – Кремльдегі билікпен де жақын әртістің бірі. 2025 жылы ресейлік MAX мессенджерінің жарнамасына қатысып, оны таратуға үлес қосты.
Былтыр Қазақстанда Валя Карнавалға қатысты жанжал болған. Оны Карнавал командасында жұмыс істеген қызметкердің бірі жазды. Сөзінше, блогер түсірілім алаңында «қазақтар болғанын» қаламаған.
«Алаңдағылардың бірі қазақша сөйлей бастады. Сол кезде Валя түсірілімді тоқтатып, айқайлап, әлгі адамды қуып жіберді. Райдерімде ешқандай қазақ болмасын деп жазылғанын айтты», – деп жазды ол.
Валя Карнавал оның бәрін жоққа шығарып, жазба авторын сотқа беретінін де мәлімдеген. Бірақ осыған қарамастан қазақ аудиториясы Карнавалды үлкен сынға алды. Sen Sulu жарнамасына түскеннен кейін көпшілігі бір жыл бұрын болған оқиғаны қайта еске алды.
Осы оқиғаға қатысты пікірін білдірген пиар мамандары бренд өз айдентикасынан айырыла бастады деп есептейді.
«Қазақстандағы қазіргі аудитория белсенді түрде мәдени кодын іздеп жүргенін ескерсек, мұндағы кез келген жергілікті бренд автоматты түрде тек жай бренд емес, белгілі бір деңгейде мәдени маркерге айналады. Енді сол жергілікті бренд жек айдентикасын нығайту орнына басқа мәдениеттің дайын символын пайдаланғанда аудиториясында ішкі қайшылықтар болды», – дейді пиар агенттік басшысы Эльвира Мұхаметжар.
Бұған дейін көпшілік сапасы нашар болғаны үшін блогер Мерей Әбілованың бренді де сынға қалғанын жазған едік.