Ауылдарда азық-түлік арзандауы мүмкін: үкімет тасымал құнын төмендетпек

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен шикізатты тасымалдауға арналған теміржол тарифтерін төмендету мәселесін қарастыруда. Бұл өңірлердегі азық-түлік бағасының өсуін тежеуге ықпал етуі мүмкін.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын және оларды өндіруге қажетті шикізатты теміржол арқылы тасымалдауға төмендетілген тариф енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Қазір бұл мәселеге қатысты бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен талқыланып, келісіліп жатыр», – делінген Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің депутаттық сауалға берген жауабында.

Министрдің сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне астықты арзан тарифпен тасымалдау үшін әкімдіктермен бірлесіп арнайы кәсіпорындар тізімі бекітілген. Бұл тізім жеңілдетілген тарифтерді қолдану шараларын қабылдау үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жолданған.

Ол елде дүкендердің тауар бағасына қосатын үстемеақысы өндіруші немесе көтерме сатушы белгілеген бағадан 15%-дан артық болмауы керек екенін айтты. Алайда бұл талаптарға енді өзгеріс енгізілуі мүмкін. Қазақстанда тауарды тасымалдау, импорттау, жеткізу шығындарын және өнімнің табиғи азаюын ескеруге мүмкіндік беретін түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл әсіресе тауар жеткізу қымбатқа түсетін шалғай ауылдар үшін маңызды.

Жұманғариннің айтуынша, көлік шығындарын субсидиялаудың жеке тетігі әзірге қосымша талқылауды қажет етеді. Ол үшін қаржыландыру көздерін, қамтылатын елді мекендерді, тауар түрлерін, жауапты операторларды және қаражаттың жұмсалуын бақылау жүйесін нақтылау керек.

Айта кетейік, 2026 жылғы сәуір айында Қазақстандағы инфляция деңгейі жылдық мәнде 10,6 пайызды құрады. 

Сондай-ақ оқыңыз