158 млн теңгенің гауһар сырғасы және 35 қымбат бұйым тағы өтпей қалды

19 мамырда аукционға қойылған 36 зергерлік бұйымның бәрі өтпеді. Олардың арасында 158,1 млн теңге тұратын De Beers гауһар сырғасы, 214,4 млн теңгенің сағаты бар. Бағасы қымбат қайтарылған активтерге ешкім қызықпай жатыр.
Сұраныс жоқ
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) бір жылдан астам уақыттан бері өтпей тұрған қымбат зергерлік бұйымдар мен сағаттарды қайтадан саудаға қойған. 19 мамырда Астана уақытымен сағат 10:00-де барлығы 36 қымбат зат аукционға қойылған. Алайда олардың ешқайсына өтініш түскен. Сол себепті Sauda порталындағы аукциондар өтпеді деп танылды.
Соған қарамастан KUVA бағаны түсірмей отыр. Мәселен, De Beers гауһар сырғасын мамандар 158,1 млн теңгеге бағаласа, активтерді басқаратын компания сұраныс жоқтығына қарамастан оны сол бағаға өткізгісі келеді.
Сырға 6,06 карат болатын екі гауһар тастан тұрады. Әшекейдің өзі ақ алтыннан жасалған (сынамасы – 750). Жалпы салмағы – 5,8 грамм. Оны кезінде кім таққаны хабарланбады.
214,4 млн теңгенің «Ulysse Nardin Classic 789-80» қол сағаты да өз бағасына ұсынылғанымен, оған де ешкім қызықпай отыр.
Бағаны неге түсірмейді?
Қайтарылған активтерді басқаратын компания тәуелсіз мамандар белгілеген бағаны өз еркімен түсіре алмайды. Мұндай ереже 2024 жылғы қазанда қабылданған.
Қаржы министрінің қаулысына енгізілген өзгеріс мемлекетке қайтарылған активтерді құнын жоғалтпай сатуды көздейді.
Жаңа тәртіпте аукционда бағаны түсіру әдісі алып тасталынған. Өйткені министрлік аукционға қатысушылар саудаға қойылған мүліктің құны түскенін күтіп, арзанға сатып алуы мүмкін деп есептейді.
Естеріңізге сала кетейік, мамырдың басында қазір түрмеде отырған Кәрім Мәсімовтің жыр болған самурай қылышы 1,5 млн теңгеге сатылған.
Ал сәуірдің басында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы қайтарған «Байсат» базары төртінші рет сатылмай қалған. KUVA базарды бесінші мәрте аукционға шығарып жатыр. Аукцион 26 мамырда өтеді. «Байсаттың» бастапқы бағасы – 28,6 млрд теңге.