АҚШ Иранға қарсы шабуылға 85 миллиард доллардан аса қаржы жұмсаған

АҚШ-тың Ирандағы әскери операцияға жұмсаған шығыны 79 күндік соғыс қимылдары барысында 85 миллиард доллардан асты.
Бұл туралы Iran War Cost Tracker порталы хабарлады.
10 наурызда Пентагонның АҚШ Конгресіне жасаған брифингінде Таяу Шығыстағы соғыстың алғашқы алты күнінде Вашингтон 11,3 миллиард доллар жұмсағаны және кейінгі әр күнге тағы 1 миллиард доллардан шығын шығаруды жоспарлағаны айтылған еді.
Ресурс мәліметінше, бұл шығын көлемі АҚШ қорғаныс министрінің қаржы жөніндегі міндетін атқарушы Джулс Херст бұрын атаған сомадан шамамен үш есе көп. Ол Өкілдер палатасының ассигнациялар комитетіндегі тыңдауда Вашингтонның Иранға қарсы әскери операцияға шамамен 29 миллиард доллар жұмсағанын мәлімдеген еді.
АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғысты 28 ақпанда бастаған. 7 сәуірде Ақ үй басшысы екі аптаға өзара атысты тоқтату режимі енгізілгенін жариялады.
Тегеранның мәліметі бойынша, 40 күндік соғыс кезінде америкалық-израильдік шабуылдар салдарынан 3 375 ирандық қаза тапқан.
11 сәуірде Тегеран мен Вашингтон Исламабад қаласында келіссөздер өткізгенімен, тараптар ұзақ мерзімді реттеу мәселесі бойынша ортақ келісімге келе алмады. 21 сәуірде АҚШ басшысы Иранмен атысты тоқтату режимін ұзарту ниетін мәлімдеді. Алайда Тегеран Вашингтонның біржақты жариялаған бұл шешімін мойындамай, өз мүддесіне сай әрекет ететінін жариялады.
Ал Таяу Шығыстағы шиеленістің кесірінен әлемдік компаниялардың шығыны 25 млрд долларға жеткен.