Lifestyle

Димаш Құдайберген Бангладештегі босқындар лагерінде өнер көрсетті

Димаш Құдайберген Бангладештегі босқындар лагерінде өнер көрсетті / фото: Dimashnews

Димаш Құдайберген Бангладештегі тағдыр тәлкегімен туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған рохинджа қауымдастығының музыканттарымен кездесіп, бірлескен музыкалық сессия өткізді. Бұл туралы Dimashnews хабарлады.

Бүгінде жүздеген мың қоныс аударушы мекендейтін Кокс-Базар – әлемдегі ең ірі босқындар лагерлерінің бірі саналады. Тұрмыстық жағдайдың тым күрделілігіне қарамастан, мұндағы Рохинджа мәдени мұра орталығы өз халқының өнері мен тамырын сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Мәдениет орталығында лагерь тұрғындары өнер құндылықтарын ұқыптылықпен жинақтап, артынан ерген жас ұрпаққа өз халқының тарихын таныстырумен айналысады. Олар уақытша қоныстанудың ауыр жағдайына қарамастан, дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнап қана қоймай, оларды өз қолдарымен жасауды да меңгерген.

Қазақстаннан келген қонақты жергілікті музыканттар ерекше ықыласпен және музыкалық сәлемдесумен қарсы алды. Димаштың келуіне орай орталық өнерпаздары екі арнайы музыкалық туынды дайындаған.

Мандолинадағы импровизация

Димаш рохинджа халқының дәстүрлі музыкалық аспаптарына қызығушылық танытып, жергілікті музыканттармен бірге шағын музыкалық импровизация жасады. Рохинджа мәдени мұра орталығы қазақстандық әншіге құрмет ретінде ұлттық аспап мандолинаны сыйға тартты. Димаш бұл аспапты бірден қолға алып, белгілі музыкалық шығармалардан үзінділер орындап, жиналған қауымды тәнті етті.

Босқындар лагеріндегі тұрмыстың ауырлығына қарамастан, осы мәдениет орталығының арқасында музыканың үні үзілмей, балалар күлкісі естіліп тұрады.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген БҰҰ-ның Көші-қон жөніндегі ізгі ниет елшісі ретінде Бангладешке арнайы гуманитарлық миссиямен барды.