Halyk Bank-тің таза пайдасы үш айда 14,6%-ға азайған

Halyk Bank (Қазақстанның Халық банкі) 2026 жылдың І тоқсанындағы қаржы нәтижесін жариялады. Банктің үш айдағы таза пайдасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,6%-ға қысқарып, 234,8 миллиард теңгені құрады. Банк кірісінің төмендеуіне негізгі несие шығындарының артуы, бөліп төлеу (BNPL) жүйесіне қойылған қатаң талаптар және қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі тікелей әсер еткен.
Депозиттер қымбаттап, маржа азайды
Банктің пайыздық табысы несие қоржынының есебінен 14,6%-ға өскенімен, шығын да еселеп артты. Халықтың жинақ ақшасы мен компаниялар салымдарының пайыздық мөлшерлемесі көтеріліп, банктің пайыздық шығындары бірден 27,8%-ға секірген.
Бұған қоса, Ұлттық банктің ең төменгі резервтік талаптарды күшейтуі де қаржы ұйымына оңай тимеді. Реттеу талаптары салдарынан банктің таза пайыздық маржасы 7,5%-дан 7,0%-ға дейін төмендеп кетті. Яғни, банктің ақшадан ақша жасау мүмкіндігі біршама тарыла түскен.
Бөліп төлеу (BNPL) мен комиссиядан келетін табыс неге азайды?
Halyk Bank-тің таза комиссиялық табысы ширекке жуық, нақтырақ айтсақ 26,1%-ға құлдырап, 24,9 миллиард теңгеге тұрақтады. Бұған соңғы кездері трендке айналған «қазір ал, кейін төле» (BNPL) жүйесі, яғни бөліп төлеу қызметінің тежелуі себеп болды.
Реттеуші органдардың тұтынушылық несие беру талаптарын қатайтуына байланысты, банк клиенттерді іріктеу (андеррайтинг) сүзгісін күшейтуге мәжбүр болған.
Оған қоса, белгілі бір банктік қызметтер бойынша қосылған құн салығының (ҚҚС) біртіндеп клиенттердің мойнына жүктелуі де бұл көрсеткішке кері әсерін тигізді.
ІТ-технологиялар мен салық шығындары өсті
Банкті заманауи деңгейде ұстап тұру да арзанға түсіп жатқан жоқ. Тоқсан ішінде топтың операциялық шығындары 7,8%-ға өсіп, 74,5 миллиард теңгеге жетті. Мұның негізгі бөлігі ақпараттық технологияларды (ІТ) дамытуға және тағы да сол ҚҚС төлемдерінің артуына жұмсалған.
Шығынның кіріске арақатынасын көрсететін cost-to-income коэффициенті де 16,5%-дан 18,2%-ға көтерілді. Бұл банктің әр тапқан табысы үшін жұмсайтын шығыны аздап болса да ұлғайғанын көрсетеді.
Проблемалық несие мен доллардың «құнысыздануы»
Банктің несие портфелі өткен жылдың соңымен салыстырғанда 2,2%-ға азайып, 13,4 триллион теңгені құрады. Мұнда теңгенің нығаюына байланысты сыртқы валюталық несиелердің қайта есептелу әсері (валюталық эффект) бар.
Ал клиенттердің банктегі қаражаты (депозиттер мен ағымдағы шоттар) жыл басынан бері заңды тұлғаларда 5,8%-ға, жеке тұлғаларда 1,0%-ға кеміген.
Банк бұл құбылысты теңге бағамының нығаюымен түсіндіреді (валюталық эффект есебінен доллардағы салымдарды теңгемен есептегенде жалпы көлем азайып көрсетілген).
Сонымен қатар, проблемалық несиелердің үлесі жыл басына қарай 8,2%-ға дейін өсті. Бұған проблемалық бөлшек қарыздарды коллекторлық агенттіктерге сатуға қойылған мораторий мен несие қоржыны базасының жалпы азаюы себеп болған.
Қаржы ұйымы 2025 жылғы таза табысынан дивиденд төледі. Әр акцияға 30,1 теңгеден төленді Банктің түпкі иесі Тимур мен Динара Құлыбаевтар Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлер рейтингінің үшінші сатысында тұр.