
Каспий теңізінің жылдам тартылуы экология мен кеме қатынасына зиян келтіріп қана қоймай, Қазақстанның батысындағы мұнайды барлауға заңдық тұрғыдан кедергі келтіруі ықтимал.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинский телеграм-арнасында теңіз деңгейінің төмендеуі геологиялық барлау жұмыстарына әсер етіп жатқанын атап өтті.
Жағалау сызығының өзгеруіне байланысты, кезінде теңізде игеріледі деп жоспарланған учаскелердің көбі қазір құрлыққа айналып кеткен. Ал мұнай барлау мен өндіруді реттейтін заң талаптары құрлықтағы және теңіздегі кен орындары үшін екі бөлек.
«Экология министрлігінің мәліметінше, 2006–2025 жылдар аралығында Қазақстан жағалауының кейбір тұстарында теңіз 30–35 шақырымға кейін шегінген. Қазір солтүстік-шығыс акваториядағы судың орташа деңгейі шамамен минус 29 метрлік белгіде тұр және әлі де төмендеп барады», – дейді Олег Червинский.
Құжаттағы қиындықтар
Мысалы, «ҚазМұнайГаз» компаниясы Қытайдың CNOOC корпорациясымен бірлесіп мұнай іздеуді жоспарлап отырған «Жылыой» учаскесі ресми түрде теңіз аумағы болып есептеледі.
Алайда іс жүзінде оның қомақты бөлігі құрлықта жатыр. Сондықтан мұндай әрбір учаске үшін құжаттарды қайта рәсімдеу, жаңа экологиялық рұқсат алу, жобаларды өзгерту және жұмыс мерзімдерін шегеруге тура келеді.
Негізінде, кен орындарын теңізге қарағанда құрлықта игеру әлдеқайда оңай болғанымен, жағдай Қазақстанның батысында мұнай іздеу және өндіру жұмыстарын айтарлықтай қиындатуы мүмкін.
Соңғы төрт жылда Каспий теңізінің деңгейі 24 см-ге төмендеген. Теңіз деңгейінің төмендеуіне негізгі себеп – жауын-шашынның азаюы мен ауаның жылынуы.