Нұрайдың өліміне күдікті қайта тергеу изоляторына жіберілді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Нурай Серикбай
Фото: Нұрай Серікбайдың отбасылық архивінен

21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті қайтадан тергеу изоляторына ауыстырылды. Бұл туралы жәбірленушінің адвокаты Аянхан Омаров хабарлады деп жазады Tengrinews.

«Қазір ол Шымкенттегі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің № 69 мекемесінде отыр. Денсаулығы жақсы және есі дұрыс деп танылды», – деп нақтылады адвокат.

Омаровтың айтуынша, жәбірленуші тарап күдіктінің туыстарын да бойжеткенді алып қашуға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартуға тырысып жатыр.

«Күдіктінің туыстарын алдын ала сөз байласу арқылы некеге тұруға мәжбүрлегені үшін жауапқа тарту туралы өтінішпен полицияға бірнеше рет жүгіндік. Өтініштер қабылданды, бірақ мәселе әлі де қарастырылу үстінде», – деді қорғаушы.

Бұдан бөлек, қаза тапқан қыздың туыстары айыпты 125-1-баптың 1-бөлігінен 3-бөлігіне («Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан, некеге тұруға мәжбүрлеу») ауыстыруды сұрап отыр.

Бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов күдікті сот алдында жауап береді деп уәде берген еді. Егер ол кінәлі деп танылса, өмір бойына сотталуы мүмкін.

Еске салайық, Шымкентте 2026 жылдың 11 қаңтары кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті арада екі күн өткенде ұсталды.

Сондай-ақ оқыңыз