ҚТЖ IPO-ға шығуды тағы кейінге шегерді

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы IPO-ға шығуды тағы да кейінге қалдырды. Бұл туралы үкімет отырысынан кейін болған брифингте көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.
«IPO-ға осы жылы шығуы керек еді, бірақ қазір нарықтың уақыты онша болмай тұр. «Самұрық-Қазына» жаңа мерзім қойып тұр. Келесі жылы бірінші тоқсанда деп ойлаймыз», – деді ол.
Осы жылы ҚТЖ IPO-ға мамырда шығып, нарықтан 1 млрд доллар тартады деген жаңалық шыққан еді. Бірақ осымен үшінші рет кейінге қалып отыр. Негізі компания акциялары 2023 жылы биржаға шығуы керек еді, бірақ екі жылға шегініп 2025 жылға қалды. Дегенмен былтыр да жүзеге аспай қалды.
Айта кету керек, ҚТЖ қарызы үлкен ұлттық компанияның бірі деп саналады. Дәл осы уақытта кредиттік портфелі 3,7 трлн-ға жеткен.