Қырғыз және орыс тарихшылары оқулықтағы «отарлау» термині үшін дауласты

Ресей тарихшылары «болмаған оқиғалар баяндалған» деп қырғыз оқулықтарын сынап, «колониализм» терминін аламастыруды ұсынды. Қырғыздар оны орындау «аса қиынға соғатынын» айтты.
Орыс тарихшыларының сыны
Ресей әскери-тарихи қоғамында тарих жөнінде сараптама және пікір алмасу кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Ресей мен Қырғызстан өкілдері тарих оқулықтарындағы оқиғаларды талқылады. Бұл туралы РБК хабарлайды.
Басылым мәліметінше, Ресей жағы сегізінші, тоғызыншы және 11-сыныптарға арналған қырғыз оқулықтарымен танысып, соған қатысты ескерту жасаған. Шығыстану институтының ғылыми қызметккері Андрей Быковтың айтуынша, қырғыздың тарих оқулықтарында «өте көп қате» табылды. Орыс тарихшыларының пікірінше, оқулықтарда «болмаған оқилықтарды болды деп жазған».
Олар әсіресе «колониализм», яғни отарлау терминіне шүйліккен. Быковтың пікірінше, «колониализм» немесе «отарлау саясаты» сөздерін «»әкімшілік», «әкімшілік шаралар» дегенге алмастырса, теріс мағынасы азаяр еді.
Дегенмен Быков Ресей жағы Қырғыз Республикасына «оқулықтары қалай жазу керектігін» үйретпейді дейді.
Қырғыздар келіспейді
Қырғызстан ұлттық ғылым академиясы Тарих, археология және этнология институтының директоры Абылабек Асанқанов Ресей жағы қырғыз әріптестері үшін «орындалуы аса қиын» міндет қойып отырғанын айтты.
«Бізге осы терминнен бас тарту өте қиын«, – деген қырғыз академигі.
Ол тарихты идеологияға айналтырмауға үндеді.
«Бір, екі және үш ғасыр бұрын болған оқиғаларды қазір күнге телімеу керек. Қасіретке ұласқан оқиғаларды саудаға салмауымыз қажет», – деп есептейді қырғыз тарихшысы.
РБК мәліметінше, 2024 жылғы тамызда Ресей сыртқы істер министрлігі Арменияның тарих оқулықтарын сынаған. Сол кезде дипломаттар «Шығыс Арменияны Ресейге мәжбүрлеп қосу» туралы тарауға шүйліккен.