Бақылаудан өту уақытын қысқартады: ішкі әуе рейстерге биометриялық жүйе енгізіледі

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкімет отырысында авиация саласын цифрландыру жұмыстары туралы айтты.
Министрдің сөзінше, Q-Gate жүйесі (паспорттық бақылаудан өздігінен өтуге арналған автоматтандырылған мультибиометриялық терминал) бақылаудан өту уақытын 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқартады.
«Қазіргі уақытта Астана мен Алматы әуежайларында 16 терминал жұмыс істеп тұр. Биыл Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау әуежайларында тағы 16 терминал орнату жоспарланып отыр. Әр әуежайға төрт терминалдан қойылады», – деді Сауранбаев.
Сонымен қатар министрдің айтуынша, келесі кезеңде ішкі әуе рейстерінде биометриялық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Пилоттық жоба Астана – Шымкент бағыты бойынша іске асырылады.
«Жүк сегментінде e-Freight жүйесі енгізілуде. Бұл жүк өңдеу уақытын 1 күннен 1 сағатқа дейін қысқартуға және процестерді толық цифрландыруға мүмкіндік береді.», – деді министр.
Сондай-ақ министр Қазақстанда тұрақты әуе рейстері үшін қосылған құн салығын (ҚҚС) алып тастау ұсынылып отырғанын айтты. Ал жергілікті әкімдіктерге облысаралық бағыттарды өз бюджетінен субсидиялауға мүмкіндік беру жоспарланып отыр.