Көлік тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу ережелері өзгереді

Елдің автонарығы мен жүргізушілерді даярлау жүйесінде ауқымды цифрлық реформа бастау алды. Ішкі істер министрлігінің 2026 жылғы 12 мамырдағы жаңа бұйрығы көлікті сатып алудан бастап, куәлік алғанға дейінгі бүкіл процесті толықтай «цифрлық форматқа» көшіреді, деп жазады Inbusiness.kz. басылымы.
Жаңа ережелердің бір бөлігі ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енсе, қалған негізгі нормалары 12 шілдеден бастап іске қосылады.
Көлікті онлайн сатып алу
Ең басты жаңалықтардың бірі – автокөлікті сатып алу-сату мәліметтерін нотариуссыз және мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ рәсімдеуге боладында. Енді мәміле eGov немесе банк қосымшалары арқылы, ЭЦҚ көмегімен жүзеге асады:
- Сатушы көлікті есептен шығаруға өтініш береді;
- Жүйе автоматты түрде көліктің бұғаттауда немесе іздеуде бар-жоғын тексереді;
- Сатып алушы көлікті өз атына тіркеуді растайды;
- Айыппұлдар мен мемлекеттік алымдар тексерілгеннен кейін, құжаттар автоматты түрде ресімделеді.
Бүкіл процесс бір ғана электронды өтінішке тіреледі, ал тараптар хабарламаларды нақты уақыт режимінде алып отырады. Тіркеу барысында міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Онсыз транзакция жасау мүмкін емес.
Көлікті тексеру де цифрланады
Автокөлікті зерттеп-қарау процедурасы да электронды форматқа ауысады. Инспектор көлікті және оның VIN-кодын суретке түсіреді. Одан кейін күші 14 күнге жарамды электронды акт қалыптасады. Егер шанақ нөмірі зақымдалған немесе көлік іздеуде болса, тіркеу жүйесі бірден бұғатталып, мәліметтер полицияға жолданады.
Сонымен қатар, көлікті алғашқы тіркеу кезінде көлік құралының электрондық паспорты (ЭПТС) міндетті болады. Ал жүргізушілер өз көлігі туралы ақпаратты (VIN-код, түсі, шыққан жылы т.б.) eGov немесе банк қосымшалары арқылы небәрі 20 минутта цифрлық анықтама ретінде ала алады.
Автомектептерге қатаң цифрлық бақылау
Жүргізушілерді даярлау жүйесі енді бірыңғай «Автомектеп» платформасы арқылы істейді. Жүйе заң бұзушылықтарды автоматты түрде қадағалап, «көлеңкелі» схемаларды жоюға бағытталған. Топтардағы оқушылар саны 30 адамнан аспауға тиіс. Оқушыларды тізімге «артқы күнмен» қосуға тыйым салынады. Толық оқу курсынан өтпегендерге куәлік берілмейді.
Барлық құжаттар электронды форматқа көшіріліп, автомектепті бітіргені туралы құжаттың жарамдылық мерзімі 2 жыл болып бекітіледі.
Емтихандар қиындайды
Емтиханға жазылу eGov немесе банк қосымшалары арқылы қолжетімді болады. Алайда, үміткер биометриялық тексерістен өте алмаса, оған жарты жылға емтихан тапсыруға тыйым салынады.
Теориялық емтихан талаптары да күшейтілді. Өту үшін кемінде 32 дұрыс жауап белгілеу қажет. Ал жауап бермей өткізіп кеткен сұрақтар қате ретінде есептеледі. Емтихан нәтижесінің күші 2 жылға дейін жарамды.
«Автомат» пен «Механика» арасындағы шектеу жойылды
Жүргізушілер үшін қуанышты жаңалықтың бірі – беріліс қорабының түріне таңу ережесінің жойылуы. Бұған дейін емтиханды автоматты беріліс қорабы бар көлікпен тапсырғандарға механикалық көлікті айдауға рұқсат берілмейтін. Енді бұл шектеу күшін жойды. Жүргізушілер «автоматтан» «механикаға» және керісінше еркін ауысып, көлік басқара алады.
Құжаттар толық онлайн форматта
Жүргізуші куәліктері енді eGov mobile қосымшасында цифрлық форматта пайда болады. Ал оның пластикалық нұсқасы мамандандырылған ХҚКО-ларда тек 30 күн ғана сақталады.
Ішкі істер министрлігі бұл реформа сыбайлас жемқорлық пен бюрократияны азайтып, арадағы делдалдарды жояды және автомектептердегі жалған оқу схемаларына толықтай тосқауыл қояды деп үміттеніп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін жол ережесін жиі бұзғандарды көлік жүргізуші құқығынан айыратын жүйе енгізілетінін жазған едік.