Қазақстан мен Кения президенттері Alem.ai жасанды интеллект орталығына барды

Қазақстан Президенті Қасым–Жомарт Тоқаев пен Кения Президенті Уильям Руто еліміздің басты технологиялық хабы саналатын Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді. Екі ел басшылары заманауи кешеннің техникалық әлеуетімен және цифрлық жобаларымен танысты.
Мемлекет басшыларына орталықтың жұмысы мен алдағы жоспарларын Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев таныстырды. Мәртебелі қонақтарға музей экспозициясы мен арнайы ЖИ-кинотеатрын көрсетіп, хабтың ұзақмерзімді даму стратегиясы туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.
Ақылды қала және қауіпсіздік технологиялары
Сапар барысында президенттердің назарына Astana Smart City жүйесінің мүмкіндіктері ұсынылды. Бұл жүйе елорданың тыныс-тіршілігін цифрлық форматта басқаруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Кения арасында тікелей рейс ашылуы мүмкін екенін жазған едік.