Қазақстан парламенті төрінен жиі айтылған мақалдар қандай

Көп ұзамай Қазақстанның сегізінші шақырылым парламенті қызметінің қорытындылары шығарылады. Отырыстар мен қаралған, қабылданған заңдар статистикасы жарияланбақ. Осы орайда біз депутаттар не айтты, қалай айтты деген сұраққа назар аударғанды жөн санадық.
Парламент өзі, аты айтып тұрғандай (фр. parlement, parler етістігі), сөйлейтін жер емес пе. Халық қалаулыларының бұқара назарын өзіне аудартып, кеңінен тарап, біраз талқы тудырған айтулы сөздерінің жеке рейтінгі әлі де жасалар. Бізді қызықтырғаны – бұрыннан белгілі, ескі нақылдар: ескіліктің нышанына айналып кетпей, әлі де айтылып жүрген мақал-мәтелдер, қанатты сөздер. Мәжіліс депутаттары солардың қайсысын тілге тиек етті екен? Оларға қандай мәселе көтергенде жүгінген?
Осы сұрақтарға жауап беру үшін 2023 жылғы наурыз бен биылғы мамыр айы аралығында өткен Мәжіліс отырыстарының стенограммаларын жинап (барлығы – 140-қа жуық стенограммалық есеп), шолып шықтық.
Ең жиі айтылған нақылдар тізімі төмендегідей:
«Судың да сұрауы бар» (стенограмма мәтіндерінде 8 рет ұшырасады). Бұл мақалды депутаттар «су – тіршіліктің басты көзі», «су құнды тауарға айналды» деген мағынада жұмсап, елдегі су ресурстарын үнемдеу, су тапшылығы проблемасын шешу контекстінде қолданған.
«Қазақта «судың да сұрауы бар» деген мағыналы сөз бар. Бұл сөзді ата-бабамыз бекер айтпаған. Бүгінде су құнды тауарға айналды. Біз су ресурстары тапшылығы бойынша ең жоғары елдер санатына жатсақ та су ресурстарын үнемді пайдаланбай, өте жоғары деңгейде ысырап жасап отырмыз. Мысалы, суарудың тиімсіз әдістерінің қолданылуы, суғару құрылымдарының тозуы және дренаж жүйелерінің болмауы себебінен ауыл шаруашылығында судың шығыны 50 пайыздан асып отыр». (Е.Жаңбыршин. 2024 жылғы 27 қараша)
«Менің сұрағым Су ресурстары және ирригация министріне. …«Судың да сұрауы бар» деген мақалды енді түсініп жатқан жайымыз бар сияқты. Қазір бұл еліміздегі ең күрделі сұрақтың бірі екені жасырын емес. Бұл проблемалардың бәрі су мәселесіне селқос қарауымыздан туындап отыр. Жыл сайын көктемде су тасып елді мекендер топан судың астында қалып жатады, ал жаз келсе болды, сол жерлер судың жетпеушілігінен кеуіп құрғап қалады». (Д.Тұрғанов. 2023 жылғы 11 қазан)
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» (5). Конекст: жастардың құмар ойындарына әуестігі, ұлттық тәрбие, әлеуметтік желілердің ықпалы, әскери дайындық және қоғамдық-саяси өмірдегі киноның орны.
«Өткен ғасырдың ортасында ұлы Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», ‒ деп ұран тастап еді. Бүгін сол мәтелдің мәні өзгерді, «ел боламын десең, экраныңды түзе» дейтін кезеңге келдік. Кез келген елдің қоғамдық-саяси өмірінде киноның алатын орны айрықша. Соңғы жылдары елімізде түрлі бағытта түсірілген фильмдер аз емес. Алайда сол фильмдердің сапасына қатысты сұрақ-сауалдар пісіп-жетіліп арнасынан асып тұр. Кино – идеология, кино – саясат, кино – керек десеңіз ұлттың қауіпсіздігі». (Ж.Әшімжан. 2025 жылғы 22 қаңтар)

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» (3). Талдауға түскен мәтіндерде осы мәндес мақалдың орысша нұсқасы ұшырасады, біз соның ең жақын қазақша баламасын көрсетіп отырмыз. Түпнұсқадағысы – «У семи нянек дитя без глазу». Конекст: бытыраңқылық, белгілі бір сала аясындағы мәселелерді реттейтін бірнеше ведомствоның болуы, солардың қызметтерінің келісілмей, үйлеспей жүруі.
«Үйірмелер аясында қосымша білім беру саласын бірден үш министрлік – Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет министрлігі мен Спорт министрлігінің реттеп отырғанының салдарынан орасан зор келіспеушіліктер туындап отыр. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» демекші, әр ведомство өз құзіретіндегі мәселеге ғана ден қойып, әркім көрпені өзіне қарай тартып әлек. Ал тұлға тәрбиелеудің біртұтас жүйесі сол күйі құрылмаған». (И.Смирнова. 2026 жылғы 14 қаңтар)
«Қарызды күліп алып, жылап қайтарасың» (3). Бұл да орысша айтылған мақалдың қазақша мағыналас баламасы. Түпнұсқада – «Берешь чужие деньги и на время, а отдавать нужно свои и навсегда». Конекст: сырттан қарыз алуға бейім болу, Ұлттық қордағы ақшаға сеніп күнелту. Талдауға түскен мәтіндерде ұшырасатын үш мысалды депутат А.Перуашев айтқан.
«Бюджетті талқылаған сайын «Ақ жол» фракциясы қарыздың қауіпті деңгейге жеткенін айтып, дабыл қағып, үкіметтен бұл әдетін тыюды талап етіп келеді. «Қарызды күліп алып, жылап қайтарасың» деп бекер айтпаған. Осы талабымызға мемлекеттік органдар құлақ асуға уәде берген. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша: егер 2023 жылы Қазақстан сыртқы серіктестерден 252 миллиард теңге қарыз алса, 2024 жылы бұл көрсеткіш бірден 1 триллион 450 миллиардқа жетті. Яғни, қарыз алу көлемі бір жылдың ішінде алты есеге артқан». (2025 жылғы 18 маусымдағы Мәжіліс отырысы)
Мақал-мәтелдер мен ел аузында жүрген нақылдарды бұдан өзге де өзекті тақырыптарға орай жинастырып көрдік. Топтама мемлекеттік басқару, заң және тәртіп, жемқорлықпен күрес, әділдік, экономика, табиғат ресурстары сынды тақырыптарды қамтиды.

Депутаттардың осы мәселелер төңірегінде сөз қозғағанда қолданған айтулы нақылдары төмендегідей.
- «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды».
- «Соғыс келетін елде жан қадірсіз болады, аштық келетін елде нан қадірсіз болады, бүлік келетін елде заң қадірсіз болады».
- «Есепті ел еңсесін көтереді, есепсіз ел есінен айырылады». (қаражатты ұқыпсыз жоспарлау жайы)
- «Бөренеден аттаймыз деп, сіріңкеге сүріне берген». (Р.Зайытов, апатқа кінәлі адамдардың салғырттығы туралы: «Бөренеден аттаймыз деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін Үкіметтің шалағайлығы…»)
- «Қорамсаққа қол салды, бір салғанда мол салды». (Ұлттық қордан қайта-қайта ақша алу)
- «Кімнің қай жерге тышып кеткенін наурыз көрсетеді». (бюджет қаражатын кім қалай жұмсағанын уақыты келгенде білеміз)
- «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады». (кеңейтілген конфискация мәселесі, көп ұрлағандар құтылып кетіп жатыр)
- «Кебіс ұрлаған бір кісі, күмәнді болар мың кісі». (активтерді қайтаруға қатысты шаралар және прокуратура өкілеттігі)
«Ұрысы мықты болса, иесі жазықты болады»
«Біздің шекесі тар шенеуніктердің шешіміне сай жер қойнауының иесі – Қазақстан халқы өз меншігін шетелдіктердің қалай пайдаланып жатқанын білмеуі керек екен? Яғни, бар байлығыңды тонап жатқандардан «не істеп жатырсыңдар» деп сұрауға болмайды деген сөз. Қара алтынымыз, мұнайымыз еліміздің экономикалық қантамыры. Ал қанымызды кімдер қалай сорып жатқанын білуге хақымыз бар ма, жоқ па? Бұны қазақтың «Ұрысы мықты болса, иесі жазықты болады» деген мақалын халықаралық заңдастыру деуге болады». (Қ.Иса. 2024 жылғы 12 маусым)
«Құрдымға кететін мемлекет заңды көп шығарады»
«Қытайдың «Құрдымға кететін мемлекет заңды көп шығарады» деген мақалы бар. Екінші рет ғылым туралы заң қарап отырмыз. Қайтып келмейтіндей бір дұрыс заң шығарайық та!» (Е.Жаңбыршин. 2024 жылғы 6 наурыз).