Қазақстанның автокөлік нарығы: Сәуірде сатылым күрт артты

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Chevrolet Cobalt
фото: ашық дереккөзден

2026 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңа автокөлік саудасы айтарлықтай белсенділік танытты. Бір ай ішінде елде 20 857 көлік сатылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға артық.

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) сарапшыларының пікірінше, биылғы сәуір жыл басынан бергі ең сәтті айлардың бірі болды. Нарықтың жандануына отандық өндіріс көлемнің артуы мен жаңа брендтердің келуі тікелей әсер еткен.

Бәсекелестік күшейіп, баға төмендеп келеді

ҚАО президенті Анар Мақашеваның сөзінше, қазір автокөлік нарығында қызу бәсеке байқалады.

«Ресми дилерлер модельдік қатарды жиі жаңартуға тырысады, ал орташа чек құны төмендеп жатыр. Сатып алушылар тарапынан жаңа технологиялар мен баламалы қуат қондырғылары (электрокарлар мен гибридтер) бар модельдерге деген қызығушылық жоғары», – деп атап өтті ол.

Нарық көшбасшылары: Chevrolet алға шықты

Сәуір айындағы сатылым бойынша Chevrolet бренді рекордты көрсеткіш орнатты. Олар бір айда 5 501 көлік сатып, нәтижесін екі есеге (101,9%) жақсартты. Үздік үштіктің қатарында:

  • Chevrolet – 5 501 бірлік;
  • Hyundai – 2 656 бірлік;
  • Kia – 1 912 бірлік.

Қытайлық брендтер арасында Changan нағыз драйверге айналды. Бренд сатылымын 172,4%-ға арттырып, 1 882 көлік өткізген. Нарыққа жаңадан келген BYD (өсім 209,6%) және MG (өсім 282,4%) брендтері қарқынды өсім көрсетіп отыр.

Ең көп сатылатын модельдер

Бренд модельдері арасында Chevrolet Cobalt көш бастап тұр (5 319). Екінші орында дәстүрлі түрде Hyundai Tucson (853 ) жайғасса, үшінші орынға күтпеген жерден жаңа Hyundai Mufasa кроссовері (794) көтерілді. Сондай-ақ үздік бестікке Kia Sportage мен Changan CS35 Max енді.

Оқи отырыңыз: Changan-ның ең арзан моделі: Қазақстанда Eado Plus седаны сатыла бастады

Төрт айдың қорытындысы

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларын қоса алғанда, нарық тұрақтылығын сақтап қалды. Төрт айда барлығы 65 610 автокөлік сатылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (66 101 бірлік) небәрі 0,7%-ға ғана кем.

Жалпы жылдық есеп бойынша Chevrolet (12 130), Hyundai (11 314) және Kia (9 405) көш бастап келеді. Сарапшылар жыл соңына дейін жаңа брендтер мен қазақстандық өндірістің үлесі арта береді деп болжайды.

Жаңа автолар көбірек сатылып жатыр дегенмен елде ескі көліктер де азаймай тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстандағы көліктердің басым бөлігі 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып жүрген автокөліктер. Олардың үлесі 45,1%-ды құрайды. Ал 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктердің үлесі 26,6%, 3 жылдан 7 жылға дейінгілері – 9,4%, 7 жылдан 10 жылға дейінгілері – 4%, ал 3 жылдан аз уақыт пайдаланылған көліктер – 14,6%.

Сондай-ақ оқыңыз