Huating басшысы: Қазақ шенеуніктері инвесторларға бала күтуші сияқты қарайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD қытай компаниясының басшысы Жао Боканг
Түркістан облысында зауыт салған қытай кәсіпкері Жао Боканг / фото: Kursiv.Media, Талғат Дүйсенбек

Huating қытай компаниясының басшысы Жао Боканг инвесторларға мейлінше жағдай жасап отырған Түркістан облысы әкімдігіне алғыс айтты. Ол жергілікті шенеуніктерді шетелден келген кәсіпкерлерді әлпештейтін «бала күтушіге» теңеді.

Әкіммен тікелей байланыс

Huating Biotechnology жақында Түркістан облысы Ордабасы ауданында ірі қара сүйегін өңдейтін зауыт ашады. Қытай компаниясы өңірге 30 млн доллар инвестициямен кірді.

«Түркістан облысының әкімі біздің жобамызға өте ерекше көңіл бөліп отыр. Кез келген мәселе туындағанда ол бізге тікелей байланыс желісін ашады. Бұл біздің жобамыздың жылдам дамуына үлкен көмек көрсетіп отыр», – дейді Жао Боканг.

Ол жергілікті шенеуніктердің шетел инвесторларына қамқорлығын былайша сипаттады:

«Менің ойымша, Түркістан облысының барлық бөлімшелері біздің жобамызға көмектесуге тырысып жатыр. Бірдеңе бола қалса олар дереу хабарлап, тез шешім қабылдайды. Біз үшін бұл шынымен бала күтушінің қызметі сияқты. Олардың нақты жұмысы да осы деп ойлаймын», – деп әзілдейді қытай инвесторы.

Әкімшіліктегі кемшіліктер

Дегенмен Жао Боканг жергілікті әкімшілік ісінде әлі де болса жетіспей жатқан тұстарын атап өтті.

«Бірақ Қазақстанның жұмыс істеу жылдамдығы, менің ойымша, әлі де болса жақсартуды қажет етеді. Мысалы, біздің өніміміз Қытай шекарасынан Қазақстанға кіріп, Алтынкөлге жеткенде үш айға тоқтап қалды», – дейді инвестор.

Кәсіпкерді толғандырған тағы бір мәселе – инфрақұрылымның дер кезінде дайын болмауы. Сүйек өңдейтін зауыт Темір ауылының дәл қасында орналасқанымен, кешенге табиғи газ жеткізу жұмыстары бітпей жатыр. Зауыт құрылысы аяқталғанымен, өндіріс газдың кешігуіне байланысты қосылмай тұр.

Жао Бокангтың айтуынша, мамырдың аяғында іске қосылатын зауытта негізінен үш түрлі өнім шығарылады: пептон, сүйек майы және сүйек көмірі. Биоөнімді қазақ-қытай шекарасынан өткізу мәселесі 2026 жылғы шілдеде Қытай және Орталық Азия елдерінің 5+1 форматындағы экономикалық форумында шешілуі тиіс.

Қытай кәсіпкерінің пікірінше, Қазақстанда мал сүйегі мен қаны босқа ысырап болып жатыр. Huating Biotechnology соны өңдеп, одан дәрі-дәрмекке қажетті пептон, авиаотын дайындайтын май, сонымен бірге фарфор жасайтын көмір шығаратын зауыт ашуды көздейді.

Сондай-ақ оқыңыз