Шенген визасын алу кезінде нені ескеру керек – СІМ ескертуі

Жарияланды
SMM бөлімінің редакторы
General News бөлімінің тілшісі
Фото: KursivMedia мұрағаты
Фото: Shutterstock

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Шенген аймағында енгізілген EES (Entry/Exit System – ред) жүйесі туралы ақпарат берді.

Еуроодақ елдеріне барғысы келген қазақстандықтар шенген визасын алу немесе шекарадан өту кезінде осы мәліметтерді ескергені жөн.

Төлқұжатқа мөр басу рәсімін алмастырады

Ерлан Жетібаевтың айтуынша, 2026 жылғы 10 сәуірден бастап Шенген аймағының 29 елінде Еуропалық комиссия енгізіп отырған EES жүйесі толыққанды жұмыс істей бастады. Аталған жүйе үшінші елдер азаматтарының Шенген аймағының сыртқы шекараларын кесіп өтуін цифрлық есепке алуға арналған. Іс жүзінде бұл төлқұжаттарға мөр басу рәсімін алмастырады.

СІМ өкілінің мәліметінше, ол туристерді, іскерлік сапармен келетін тұлғаларды, сондай-ақ транзиттік жолаушыларды қоса алғанда, саяхатшылардың барлық санатына қолданылады.

Баладан саусақ ізі алына ма

«Шенген аймағына кіретін елдердің біріне алғаш рет кірген кезде шетел азаматтарының жол жүру құжаттарының деректері, биометриялық мәліметтер, сонды кіру және шығу күні мен орны міндетті түрде тіркеледі. Он екі жасқа толмаған балалардың саусақ іздері алынбайды», – дейді Ерлан Жетібаев.  

Оның сөзінше, деректерді сақтау мерзімі, дербес деректерді қорғау талаптарын сақтай отырып, үш жылға дейінгі уақытты қамтиды. Жүйеге кіруге тыйым салу жағдайлары да тіркеледі. Сапар кезінде шекарадан өту рәсімі әдетте жеңілдетіліп, тұлғаны бет-бейнесі арқылы растау көздейді.

Қандай жағдайда кіруге тыйым салынады

«Биометриялық деректерді ұсынудан бас тартқан жағдайда, Шенген аймағына кіруге тыйым салынады. Жүйенің жұмыс істеуінің бастапқы кезеңінде, әсіресе алғашқы кіру бекеттерінде шекаралық бақылаудан өту уақыты ұзаруы мүмкін», – деп ескертті СІМ өкілі.  

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі осы жайтқа байланысты транзитпен жол жүретін Қазақстан азаматтарына «рейстер арасында ауысуға қосымша уақыт қарастыруды» ұсынып отыр.  

Travel to Europe мобильді қосымшасы

«Рәсімдерді жеңілдету мақсатында Еуропалық Одақ Travel to Europe мобильді қосымшасын әзірледі. Келуге дейін 72 сағаттан ерте емес мерзімде төлқұжат деректерін және биометриялық фото суретті жүктеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымшаны пайдалану шекаралық бақылаудан өтуден босатпайды», – деді Ерлан Жетібаев.

Айта кететін жайт, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы келіссөздер жөніндегі Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Қазақстан азаматтары үшін шенген визасын рәсімдеу тәртібінің жеңілдейтінін хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз