Шымкентте балаларын үтікпен күйдірген әйел сотталды

Шымкентте туған балаларын үтікпен күйдірген әйелге қатысты сот үкімі шықты, ол 5 жыл 3 айға колонияға сотталды.
Ktk.kz хабарлауынша, cотта ол «не істеп жүргенін түсінбегенін және жалпы өзі де жағдайдың құрбаны» болғанын мәлімдеді.
Төрт баланың 30 жастағы анасына қатысты сот процесі бір айға жуық уақытқа созылды. Тергеу амалдары әйел өзінің үлкен балаларын ұдайы қорлап келгенін дәлелдеді. Ұлы мен қызы небәрі 9 және 11 жаста. Екеуі де анасының олардың денесін ыстық үтікпен күйдіргені, әртүрлі заттармен ұрып-соққаны және мұздай өзенге батырмақ болғаны туралы түсінік берді.
«Сотталушы оларға тән азабын және жан жарақатын салған. Атап айтқанда, ұлын шылым шекті деп айыптап, ыстық шанышқымен ернін күйдірген. Сонымен қатар, балаларды бірнеше рет соққыға жыққан. Үтікті қыздырып алып, үстіне отырып, оны қызының ішіне, сондай-ақ ұлының беті мен сан тұсына басқан», – деді сотта судья Алтын Білтебай.
Сұмдық деректердің беті қаңтар айының ортасында, балалар көп жарақаттармен ауруханаға түскен кезде ашылды. Бұл ретте әйел болған жағдайдың бәрін «тәрбиелеу әдісі» деп атаған. Ал үкім шыққаннан кейін ол өз-өзін білмейтін есеңгіреу күйінде болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған өзінің де 10 жыл бойы енесі мен күйеуінен қорлық көріп келгені себеп болған.
Анасын сот залынан кісендеп алып шықты. Балалар әзірге бейімдеу орталығында қалады.
Денесіне үтік басылған балалар ауруханаға жатқызылған. Оларға тиісті медициналық көмек берілді.