СІМ Ресей тыңшысы деген күдікпен ұсталған қазақ азаматына қатысты пікір білдірді

ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей үшін тыңшы болды деген күдікпен Германияда ұсталған Қазақстан азаматына қатысты пікір білдірді.
«Германия Федеративтік Республикасы құзырлы органдарының ақпаратына сәйкес, ведомство осы жылдың 29 сәуірінде Қазақстан азаматы барлау қызметіне қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын растайды. Тиісті жұмыстар құзырлы органдар тарапынан жүргізіледі. Бұл жағдай министрліктің жеке бақылауында», – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.
Ол қазір Германия құзырлы органдары осы іске қатысты тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, 29 сәуірде Германияда Ресей үшін тыңшы болды деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды. Арнайы қызмет мәліметінше, ол Берлин автожолдарындағы әскери көліктер мен қаладағы ғимараттарды суретке түсіріп, оны ресейлік барлау қызметіне беріп отырған.