Сенатор Марат Қожаев алкотестерді алып тастау ұсынысын қолдамады

Қазақстанда жүргізушілердің мас екенін анықтайтын алкотестерден бас тарту мәселесі әлі де талқыланып жатыр. Алайда Сенат депутаты Марат Қожаев қазіргі жүйе қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтып, оны өзгертудің қажеті жоқ деп санайды.
Сенатордың сөзінше, алкотестер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі және ол тәртіп бұзбайтын жүргізушілерге кедергі келтірмейді.
«Алкотестер – техника қауіпсіздігі мен жол қозғалысы ережелеріндегі бұрыннан бар талап. Егер адам ауырып, тест оң нәтиже көрсетсе, оның асқазаны сыр беріп тұрғанын немесе дәрі қабылдап жүргенін түсіндіруге құқығы бар. Мұның бәрін сараптама анықтай алады», – деді Қожаев.
Ол патрульдік полиция жұмысынан алкотестерді алып тастаудың қажеті жоқ екенін айтты.
«Алкотестерді алып тастаудың қажеті жоқ. Бұл – жақсы тәжірибе. Қолдану тәжірибесі де өзін жақсы көрсетті», – деп атап өтті депутат.
Еске салсақ, осыған дейін депутат Мұрат Әбенов полиция қолындағы алкотестер дұрыс істемейтінін, соның кесірінен азаматтар зардап шеккенін айтқан болатын.