
21 мамыр – еліміздің рухани қазынасын байытып, мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттап жүрген шығармашылық иелерінің төл мерекесі.
Бұл күн – тек сахна төрінде жарқыраған жұлдыздардың ғана емес, сонымен бірге көрермен көзіне түсе бермейтін, бірақ мәдениеттің ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосып жатқан мыңдаған маманның мерекесі. Олардың қатарында: Театр және кино майталмандары, музыканттар мен бишілер, мұражай жетекшілері мен көрме кураторлары, кітапханашылар мен архив қызметкерлері, мәдениет үйлері мен шығармашылық үйірмелердің ұстаздары бар.
Бұл жандар қоғамды ізгілікке тәрбиелейтін, адамдардың жүрегіне сұлулық пен мейірімділік нәрін себетін нағыз руханият шырақшылары.
Қазіргі XXI ғасыр цифрландыру мен жаһандану дәуірі. Бұл кезең мәдениет саласына да үлкен өзгерістер алып келді. Бүгінде кітапханалар электронды форматқа көшіп, мұражайларға виртуалды турлар жасалып, театр қойылымдары жаңа технологиялық шешімдермен байытылуда. Мәдениет қызметкерлері уақыт көшінен қалмай, дәстүрлі құндылықтарды заманауи трендтермен ұштастыра білудің үздік үлгісін көрсетіп келеді.
Еске сала кетейік, бұған 18 мамырда Музей түні өткен еді. Алматыдағы өнер мұражайына бір кеште 6 мыңнан астам көрермен жиналған еді.