«Астон Вилла» алғаш рет Лига Еуропа жеңімпазы атанды

Ыстанбұлда өткен Еуропа Лигасының финалдық кездесуі англиялық «Астон Вилла» клубының айқын басымдылығымен аяқталды. Бирмингемдік ұжым Германияның «Фрайбург» командасын 3:0 есебімен тас-талқан етіп, тарихында тұңғыш рет осы турнирдің кубогын көкке көтерді.
Ағылшындық клуб ойын тағдырын негізінен бірінші таймда-ақ шешіп тастады. 41-минутта Юри Тилеманс есеп ашып, командасын алға шығарды. 45+3-минутта төреші қосқан қосымша уақытта Эмилиано Буэндия есепті еселеді. Екінші таймның 58–минутында Морган Роджерс матчтың нүктесін қойып, қорытынды есепті орнатты – 3:0.
Унаи Эмери – Лига Еуропаның абсолютті королі
Бұл жеңіс «Астон Вилланың» бас бапкері Унаи Эмери үшін ерекше тарихи сәт болды. Испаниялық маман өз мансабында бесінші рет Еуропа Лигасының кубогын бағындырып, рекорд орнатты. Ол бұған дейін испаниялық «Севильямен» – 3 рет, «Вильярреалмен» – 1 рет жеңіске жеткен еді.
Еуропа Лигасындағы осы триумфтың арқасында «Астон Вилла» енді УЕФА Суперкубогы үшін таласуға мүмкіндік алды. Олардың қарсыласы Чемпиондар Лигасының финалында кездесетін француздық «ПСЖ» немесе англиялық «Арсенал» жұбының жеңімпазы болмақ.
Айта кетейік, күні кеше ғана 18 мамырда лондондық «Арсенал» англияның чемпионы атанған еді.