
Грег Абель бас директор қызметіне кіріскен алғашқы тоқсаннан кейін Berkshire Hathaway балансындағы «Баффеттің ақшасы» 397 млрд долларға жетті. Уоррен Баффет 2025 жылдың соңында зейнетке шыққанда 373 млрд доллар қалдырған еді, ал небәрі үш ай ішінде бұл сома тағы 24 млрд-қа өсті. Бұл қаражат Гонконг немесе Норвегияның Жалпы ішкі өнімінен, сондай-ақ ірі мегакорпорацияларды қоспағанда, кез келген америкалық компанияның нарықтық құнынан асып түседі. Қыруар қаржы қазынашылық вексельдерден небәрі төрт-бес пайыз табыс әкеліп жатқандықтан, бұл жағдай нарықта түрлі болжамдар тудыруда.
Bloomberg мәліметінше, 397,4 млрд доллардың шамамен 52 млрд-ды қолма-қол ақша түрінде болса, қалған негізгі бөлігі табыс әкелетін қысқа мерзімді АҚШ қазынашылық вексельдерінде сақтаулы. Мұндай үлкен қордың жиналуы кездейсоқтық емес. 2022-2024 жылдар аралығында Berkshire 172,9 млрд долларға акция сатты. Баффет Apple-дағы үлесін 50%-дан 22%-ға дейін, ал Bank of America-дағы акцияларын екі еседен астам қысқартты. Сонымен қатар, нарықтағы баға негізсіз қымбаттап кетті деп санағандықтан, компания өз акцияларын қайта сатып алуды (buyback) екі жылға жуық уақытқа тоқтатқан болатын.
2026 жылдың басында Абельдің басшылығымен акцияларды қайта сатып алу басталғанымен, оның көлемі өте аз болды. Бірінші тоқсанда компания бұған небәрі 234 миллион доллар жұмсап, есесіне тағы 24,1 млрд доллардың акциясын сатып жіберді.
Еске сала кетейік, мамыр айында қандай компаниялар дивиденд төлейтінін анықтадық.