Бейжіңнен Путин неге басты келісімсіз қайтты

Жарияланды 21 Мамыр 2026 07:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі
Си және Путин / фото: BBC.com

Бейжіңдегі Халық жиналысының Үлкен залында орыс классикасы қалықтап, Ресей мен Қытай басшылары бір-бірін «ескі досым» деп атағанымен, үлкен саясатта сезімнен гөрі прагматизм маңыздырақ екені тағы да дәлелденді. BBC мәліметінше Владимир Путиннің Қытайға жасаған сапары сырт көз үшін екі ұлы державаның мызғымас одағындай көрінгенімен, сарапшылар кездесудің ішкі астарынан басқа мән байқап отыр.

«Мәскеу кештері» және стратегиялық әріптестік

Саяси сарапшы Розенбергтің ойынша Путин мен Си Цзиньпиннің кездесуі ерекше салтанатпен өткен. Қызыл кілем, орыстың «Мың бір түн» және «Мәскеу кештері» әуендерін ойнаған қытайлық әскери оркестр – осының бәрі бір сәтке Бейжіңді Мәскеуге айналдырып жібергендей әсер қалдырған.

Екі лидердің қарым-қатынасын қазіргі таңда саяси «броманс» (ерлер достығы) деп те атауға болады. Олар осы кезге дейін 40-тан астам рет кездесіп, өзара сенім мен стратегиялық ынтымақтастық туралы жиі мәлімдеме жасап келеді. Ортақ жау да анық: қос мемлекет АҚШ-тың ядролық саясаты мен Дональд Трамп ұсынған зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін қатаң сынға алды. Ресейлік басылымдар тіпті Трамптың ұшаққа жалғыз көтеріліп бара жатқан суреті мен Путин-Си жұбының қатарласа түскен суретін қатар қойып, әлемдік аренада кімнің кіммен тізе қосып тұрғанын ашық көрсетті.

Достық шекарасы: Геосаясат пен жеке мүдде

Алайда, саяси сарапшы Розенбергтің пікірінше, бұл – махаббат әндері мен романтика әлемі емес. Сыртқы саясатта кез келген достық нақты ұлттық мүдделерге келіп тіреледі. Саммит барысында бұл жайт айқын көрініс тапты.

Ресей үшін қазіргі ең басты стратегиялық мақсаттардың бірі – еуропалық нарықтың орнын толтыру. Ол үшін Мәскеуге жаңа энергия көздерін тасымалдау жолдары ауадай қажет. Бірақ дәл осы тұста «достықтың» да шекарасы бар екені байқалды.

«Сібір қуаты-2»: Қытай неге асықпайды?

Кездесудің басты интригасы энергетика саласына, нақтырақ айтқанда «Сібір қуаты-2» газ құбырына байланысты болды. Жоба Ресейдің Батыс Сібірінен шығатын қосымша газды Моңғолия арқылы Қытайға тасымалдауға мүмкіндік береді.

Былтыр өзара түсіністік меморандумына қол қойылғанымен, Бейжің нақты келісім жасасуды созып отыр. Бұған екі негізгі себеп бар. Әуелі баға мәселесі. Қытай тарапы газды барынша арзан бағамен сатып алуды көздейді. Одан кейін тәуелділік қаупі бар. Сарапшылардың пікірінше, Бейжің ресейлік қазба отынына шамадан тыс тәуелді болып қалудан сақтанады.

Сәрсенбі күні Кремль жобаның «параметрлері бойынша ортақ түсіністікке» қол жеткізілгенін хабарлады. Дегенмен, қағаз жүзіндегі түпкілікті келісімнің ауылы әлі алыс. Бұл жағдай ресейлік шенеуніктердің көңілін қалдырса да, олар үшін күтпеген жаңалық болған жоқ. Тіпті ресейлік үкіметтік басылымның өзі «Көлемі жағынан алып, әрқайсысы ұлы державалық менталитетке ие екі елдің мүддесі әрдайым сәйкес келе бермейді» деп ашық жазды.

Қорытындылай келе, Путиннің Бейжіңге сапары Ресей мен Қытай арасындағы қатынастың сыртқы формасы мінсіз екенін көрсетті. Алайда, ешқандай ірі газ келісімінсіз үйге қайтуы — үлкен саясатта әр ел тек өз мүддесін бірінші орынға қоятынын, ал «саяси романс» қызыл кілемде ғана жарамды екенін дәлелдейді.

Еске сала кетейік, Трамптың сапарынан кейін Ресей президенті Владимир Путин Бейжіңге ресми сапармен келген.

Сондай-ақ оқыңыз