Дипломмен – шетелге: еңбек нарығы неге бэби-бум жастары үшін тым тар

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанның еңбек нарығы бэби-бум кезінде өмірге келген жастарды жұмыспен қамтуға әзір емес. Отандық сарапшылар осылай дабыл қағып отыр.

Әлеуметтанушы, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Экономика институты Zertteu LAB зертханасының меңгерушісі Айсұлу Молдабекованың айтуынша, былтыр жоғары оқу орнына түскендердің саны 171 мың адамға жеткен. Бұл – төрт жылдан кейін осыншама маманға жұмыс орны керек деген сөз.

Жұмысқа тұру қиындай береді

Бұған, әрине, 2002 жылдан 2021 жылға дейін жалғасқан бэби-бум тікелей әсер етіп отыр.  Әлеуметтанушының айтуынша, соңғы кездері жылдан жылға жоғары оқу орнын бітіретіндердің саны көбейіп келеді. Сондықтан жыл өткен сайын еңбек нарығында жұмысқа тұру қиындай бермек.

«Бізде – демографиялық өсім жақсы. Жоғары оқу орындарында жылдан жылға көп грант бөлініп жатыр. Оқу бітіргендер көбейе береді. Демек, нарықта қиындықтар тудырады. Экономикада нақты жұмыс орындары жетпейді. Көп жаңа жұмыс орындары ашылып жатқан жоқ», – дейді Айсұлу Молдабекова.  

Жоғары жалақы үшін сыртқа кетуі ықтимал

Бұған Қазақстандағы демографиялық өсім және шектеулі еңбек нарығы ықпал етіп отыр. Түйткіл уақыт өте де күрделене бермек. Ол өз кезегінде жастардың диплом алып, нанын шет жерден табуына түрткі болуы әбден мүмкін.

«Бұрын Қазақстаннан сыртқа еңбек миграциясы аз еді. Әрине, еңбек нарығында шекара жоқ. Әсіресе, білігі жоғарылар, тілді жақсы білетіндер еркін кетеді. Тіпті, жоғары біліктілікті қажет етпейтін мамандық иелері де, жоғары жалақыны қалаушылар да шетел асуы ықтимал», – дейді Айсұлу Молдабекова.

Үрдіс қазірден көрініп тұр

Бұл үрдістің құлағы қазірдің өзінде қылтиып көрініп келеді. Сарапшының сөзіне қарағанда, қазақстандық жас ІT мамандар әлемдік нарықта онлайн жұмыс істеп жатыр.

«Экономиканың нақты секторлары дамымаған. Өндіріс дамыса, онда ІТ немесе қаржыгерлер жұмыссыз қалмас еді. Қазақстан – аграрлық ел. Ауыл шаруашылығының, оның өнімдерін өңдеу саласын дамыту қажет. Өндіріс ошақтары болса, жоғары жалақы алады. Зауыт, фабрикалар салынып, бір аймақтың экспортеры болсақ, өндіріс орындары көп болса, сонда ғана тұрақты жоғары жалақы болады», – дейді әлеуметтанушы.

Жасанды интеллект отқа май құйып отыр ма?

Жасанды интеллект жұмыс орындарының қысқаруына түрткі болып отырғаны құпия емес.  Өзгерістер сәулетшісі, визионер Данат Жұминнің пікірінше,  жасанды интеллект көптеген компанияларда, әсіресе, бұрын жас түлектерге арналған бастапқы қызметтерде жұмыс орындарының қысқаруына әкеліп жатыр.

«Банктік несиелердің жоғары мөлшерлемелері мен салық жүктемесінің артуы шағын және орта бизнестің дамуын баяулатып отыр. Ал дәл осы сектор – ірі қалалардағы жастардың негізгі жұмыс берушісі», – деп жазды Данат Жұмин.

Десе де, визионердің айтуынша, мұның бәрі – ескеруді қажет ететін сын-қатерлер. Бірақ бұл әсте «шаруамыз бітті» дегенді білдірмейді.

Шешімі қандай

Айтуынша, жоғары демография тек қысым емес, сонымен бірге үлкен мүмкіндік те береді. Данат Жұмин бұл мәселесінің шешудің үш маңызды жолын ұсынып отыр. Соның бірі – ЖИ көмегімен әлемдік нарыққа арналған мыңдаған шағын экспорттық бизнес құру. Ал шетелде бағын сынап көргісі келген жастарға мемлекеттік деңгейде қолдау ұйымдастырылуы тиіс. Сонымен қатар, туризм, креативті экономика, логистика және деректерге қызмет көрсету салаларын дамыту түйткілді түйінін тарқата алады.   

Айта кететін жайт, депутат Бақытжан Базарбек кейбір «Болашақ» стипендианттары оқу бітірген соң, Қазақстанға оралып, жұмыс істеу талабын орындамай, шетелде қалып жатқанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз