Илон Маск 1 млн адамға Марста қоныс тұрғызғаны үшін сыйақы алады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Миллиардер Илон Маск және Марстағы қоныс
Илон Маск мақсаттарының бірі – Марсты бағындыру / фото: ЖИ көмегімен дайындалған сурет

Адамзат баласы әлі күнге дейін Марсқа ұшып барған емес. Соған қарамастан әлемнің ең бай адамы Илон Масктің қызыл ғаламшарда 1 млн адамға қоныс мекенін тұрғызғаны үшін сыйақы алатыны мәлім болып отыр.

Қиял-ғажайып есеп

SpaceX компаниясының бас директоры Илон Маск ғарышта дата-орталық пен Марста қоныс салу мақсатына жетсе, қосымша сыйақыға ие болады. АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) сәрсенбі күні өткізілген құжатта осылай делінген. Мәліметті Bloomberg таратты.

Компанияның директорлар кеңесі 2026 жылғы қаңтарда Илон Маскіге өте үлкен сыйақы пакетін бекітті. Оған Class B санатындағы 1 млрд акция бөлінді. Маск құнды қағаздардың бәрін бірден ала алмайды. Олар 15 түрлі үлеске (tranche) бөлінген және әр үлесті алу үшін компания белгілі бір мақсатқа жетуі тиіс. Ең басты мақсаттардың бірі – SpaceX-тің нарықтық құнын 7,5 трлн долларға жеткізу және Марста кемінде 1 млн адам тұратын тұрақты қоныс құру.

Илон Маск Қызыл ғаламшарда қоныс ашқаны үшін сыйақы алуы мүмкін екенін Reuters 28 сәуірде жазған. Беделді басылым сол кезде орындалуы аса қиын мақсат үшін алдын ала сыйақы белгілеуді «қиял-ғажайып есеп» деп сипаттаған. Мәлімет сәрсенбі күні тағы да расталып отыр.

Марсты бағындыру

Forbes Илон Маск дәулетін шамамен 808 млрд долларға бағалайды. Әлемдегі ең бай адамның Tesla, SpaceX және xAI компанияларында үлесі бар. Ол адамзат тарихында байлығы 1 трлн долларға жеткен алғашқы адам атануға ұмтылады.

Әзірге Марсқа адам баласы қонған жоқ. Бірақ миллиардер Қызыл ғаламшарды бағындыруға болады деп есептейді. Оның жоспары бойынша, 2026 жылдың аяғында бес Starship кемесі Марсқа ұшады. Ал 2027-2028 жылдары осы ғаламшарға адамдар ұша бастайды. 2050 жылға қарай Қызыл ғаламшарда 1 млн адам тұрақты қоныста тұрып жатады деп жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз