Lifestyle

Маңғыстау жерасты мешіті мен Абайдың қара сөздері ЮНЕСКО тізіміне кіру мүмкін

Абайдың қара сөздері ЮНЕСКО тізіміне кіру мүмкін / коллаж: kursiv.media

Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіру мүмкін. Бұл туралы Ерлан Қарин хабарлады.

Мемлекеттік кеңесшінің мәліметінше, шілде айында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитетінің үлкен жиыны өтеді. Осы басқосуда әлем бойынша ұсынылған 40-қа жуық нысан талқыланып, солардың ішінде Маңғыстаудың жерасты мешіттерін беделді тізімге қосу мәселесі де ресми түрде қарастырылады.

Өткен жылы Қазақстан тарапынан барлық қажетті ғылыми, тарихи және сараптамалық құжаттар ЮНЕСКО-ға жолданған. ЮНЕСКО-ның арнайы сарапшылары Маңғыстау өңіріне келіп, мешіттердің жағдайын, олардың тарихи және мәдени құндылығын өз көздерімен көріп, зерттеп қайтқан. Қазіргі таңда барлық құжаттамалық база толықтай қабылданған.

«Әлем жады» бағдарламасы

Президенттің былтырғы тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның тарихи құжаттарын ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізу жұмыстары да белсенді жүріп жатыр.

Бұл бағдарламаға елімізден ең алғашқы болып «Хандар шежіресі» ресми түрде енгізілді. Қазіргі уақытта ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының қара сөздерін осы «Әлем жады» бағдарламасының тізіміне енгізу бойынша тиісті құжаттар әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандарының тізімдеріне ЮНЕСКО тарапынан бекітілетін, адамзат үшін ерекше мәдени, тарихи немесе экологиялық маңызы бар табиғи немесе адам қолымен жасалған нысандар енеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне (Tentative List) енген еді.