Министрлік блогер Сәуле Ермаханова көз жұмған клиниканы тексереді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматыдағы пластикалық хирургия клиникасында танымал блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханованың ота кезінде кенеттен қайтыс болуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қайғылы жағдайдан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімдеме жасап, бұл істі ерекше бақылауға алғанын хабарлады.

Министрдің тапсырмасы: Жан-жақты тексеру басталды

Ведомство басшысының тікелей тапсырмасымен бейінді мамандар мен аумақтық департаменттерді тарта отырып, клиника қызметіне қатысты ауқымды тексеріс жүргізілмек. Тексеру барысында келесі маңызды мәселелер жіті зерделенеді:

  • Клиниканың медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясының болуы.
  • Көрсетілетін қызметтердің қолданыстағы медициналық стандарттарға сәйкестігі.
  • Ота жасаған және анестезия берген медицина қызметкерлерінің біліктілігі.
  • Төтенше жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсету стандарттары мен хаттамаларының сақталуы (марқұмның қызы жедел жәрдемнің 3 сағаттан кейін шақырылғанын айтқан болатын).

«Тексеру қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда барлық материалдар құқық қорғау органдарына беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң шаралар қабылданатын болады», – деп ескертті Денсаулық сақтау министрлігі.

Сондай-ақ министрлік марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Елдегі барлық косметологиялық клиникалар тексеріледі

Алматыда орын алған қайғалы жағдай бір клиниканың ғана емес, жалпы елдегі сұлулық индустриясының мәселесін ашып көрсетті. Осыған байланысты министрдің тапсырмасы бойынша елімізде косметологиялық және пластикалық хирургиялық қызмет көрсететін барлық ұйымдарға мониторинг пен бақылау күшейтіледі.

Мамандар инвазиялық (теріні тесу немесе кесу арқылы жасалатын) косметологиялық және хирургиялық емшаралардың күрделі медициналық араласуға жататынын ескертеді. Мұндай оталар тек арнайы рұқсат құжаттары бар, реанимациялық жабдықтармен қамтылған клиникаларда және жоғары білікті дәрігерлердің қатысуымен ғана өтуі тиіс.

Еске сала кетейік, 15 мамыр күні Алматыдағы Smart Beauty Clinic орталығында 53 жастағы блогер Сәуле Ермаханова липосакция отасы кезінде кенеттен көз жұмған еді. Алматы қалалық Полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Марқұмның қызы емхана дәрігерлері анасының өлімін бірнеше сағат бойы жасырып, жедел жәрдемді тым кеш шақырғанын айтып, заң алдында әділдікті талап етіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз