Қанат Бозымбаев аэротаксимен ұшудың бағасы қанша болатынын айтты

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында аэротакси сапары қанша тұруы мүмкін екенін айтты.
Қазақстанда аэротаксиді дамыту мәселесі әлі де талқыланып жатыр. Вице-премьер Қанат Бозымбаев мұндай технологиялар тез арада күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналуы мүмкін екенін айтты.
«Технологиялар өте жылдам дамып келеді, әуе арқылы жеткізу тез әрі арзан болмақ. Сондықтан, пилотсыз ұшу аппараттары (дрондар) біздің өмірімізге іштен жану қозғалтқышы бар автомобильдер сияқты, бәлкім, одан да тереңірек енетін шығар», – деді Бозымбаев.
Оның айтуынша, салада жеке кәсіпкерлер жұмыс істей алады. Ол үшін белгіленген талаптарға сай болу және Алатау қаласында қызмет етуге лицензия алу қажет болады.
Сонымен қатар, Бозымбаев болашақта аэротакси жүйесі қалай жұмыс істейтініне мысал келтірді. Оның сөзінше, жолаушылар бірнеше сағаттық кептелісте тұрмас үшін ұшуды тікелей Алматы әуежайынан алдын ала брондай алады.
«Мысалы, жолаушы Алматы әуежайына ұшып келді делік. Қазір кептелістің кесірінен жол бір жарым-екі сағат уақытты алады. Ал әуежай маңына дрондар қою жоспарланып отыр. Адам ұшуды алдын ала брондайды. Қазір бұл шамамен 1 шақырымға 1 доллар болады. Қысқасы, 15 шақырым үшін адам 15 доллар төлеп, тез жетіп алады. Бизнес үшін бұл бәсекелестік тудырады, уақыт өте келе бұдан да арзандай түседі. Сондай-ақ жеткізу қызметі де дамиды», – деп толықтырды вице-премьер.
Айта кетейік, бұған дейін Алатау қаласында алғашқы аэротаксилер сынақтан өткенін хабарлаған едік.