Көлікке қалай тез ақша жинауға болады – маман кеңесі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Қаржы сарапшысы Артемий Галкин қазақстандықтардың не себепті көлікке ұзақ уақыт ақша жинайтынын айтып, оған қандай қателіктер әсер ететінін түсіндірді.

Оның айтуынша, көп адамның басты қателігі ақшаны «артылып қалса ғана жинау» қағидасымен әрекет етуі.

«Адамдар көбіне: «Алдымен барлық қажетті шығынды жасап алайын, егер ақша қалса – жинаймын» деп ойлайды. Бірақ мұндай тәсілмен әдетте ештеңе қалмайды. Егер адам шынымен тезірек ақша жинағысы келсе, жинаққа кететін соманы немесе табыстың белгілі бір пайызын алдын ала белгілеп қоюы керек. Бұл табыстың 20%-ы немесе 30%-ы болуы мүмкін. Ең бастысы – жүйе тұрақты әрі автоматты түрде жұмыс істеуі қажет»,– деді Галкин.

Тек үнемдеу жеткіліксіз

Қаржы маманы қазіргі жағдайда тек үнемдеудің өзі жеткіліксіз екенін айтады. Оның пікірінше, адамның табысы төмен болып қалса, шығынды қатаң бақылаудың өзі көлікке тез ақша жинауға мүмкіндік бермейді.

«Адам барынша үнемдеп, артық шығыннан бас тартып, әр тиынын бақылауы мүмкін. Бірақ соған қарамастан көлікке ақша жинау ұзаққа созылады. Сондықтан жинақпен қатар табысты арттыру жолдарын да қарастыру керек: мамандық бойынша дамып, қосымша жобаларға қатысу немесе екінші табыс көзін қалыптастыру маңызды», деді сарапшы.

Үйде жатқан ақша табыс әкелмейді

Артемий Галкин инфляцияның әсеріне де тоқталды. Оның айтуынша, инвестициясыз жай ғана жиналған ақша уақыт өте келе құнын жоғалтады, әсіресе көлік бағасы қымбаттап жатқан кезде.

«Егер ақшаны тек картада немесе үйде сақтай берсе, жинақ процесі өте баяу жүреді. Кем дегенде депозиттерді, облигацияларды және басқа да консервативті қаржы құралдарын пайдалану керек. Ұзақ мерзімде күрделі пайыздың әсері жинақты едәуір жылдамдатады», деді қаржы маманы.

Сонымен қатар сарапшы табысы жоғары қаржы құралдарын пайдалану үшін адам тәуекелдерді түсініп, белгілі бір тәжірибеге ие болуы керек екенін айтты.

Артемий Галкин шығындарға да шынайы талдау жасауға кеңес береді. Оның сөзінше, мәселе көбіне кофе не ұсақ-түйек сатып алуда емес, адамдар байқамайтын тұрақты шығындарда жатыр.

«Көп адамның ақшасы ай сайын өздері байқамай түрлі шығындарға кетеді. Ақылы жазылымдар, жеткізу қызметтері, аса қажет емес сатып алулар, күнделікті ұсақ шығындар, мұның бәрі бір жылда қомақты сомаға айналады. Егер осы қаражатты жинаққа бағыттаса, мақсатқа әлдеқайда тез жетуге болады», деді Галкин.

Нақты қаржылық жоспар неге маңызды

Сарапшы тағы бір қателік ретінде нақты қаржылық мақсаттың болмауын атады. Оның айтуынша, адам алдын ала қандай көлік алғысы келетінін, оны қашан сатып алуды жоспарлайтынын және ай сайын қанша ақша жинауы керек екенін нақты білуі қажет.

««Көлік алғым келеді» деген ойдың өзі жеткіліксіз. Адам көліктің нақты бағасын, оны қанша уақытта сатып алғысы келетінін және ол үшін ай сайын қанша ақша жинау керегін түсінуі керек. Сонда ғана нақты қаржылық жоспар пайда болады», деп түсіндірді сарапшы.

Қаржы жинаған соң көпшіліктің көлікке көзқарасы өзгереді

Галкиннің айтуынша, қомақты қаржы жинағаннан кейін кей адамдар көлік сатып алу туралы ойын өзгертіп жатады.

«Адам ақша жинап, инвестиция жасауды үйренген кезде ойлау жүйесі де өзгереді. Көпшілік көліктің ең алдымен шығын әкелетін актив екенін түсіне бастайды: техникалық қызмет көрсету, сақтандыру, жанармай, жөндеу — бәрі шығын. Сондықтан кей адамдар көлік алудың орнына инвестициялық портфель мен табыс әкелетін активтерді таңдауды жөн көреді», деді ол.

Айта кетейік, 2026 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңа автокөлік саудасы айтарлықтай белсенділік танытты. Бір ай ішінде елде 20 857 көлік сатылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға артық.

Сондай-ақ оқыңыз