Алматыда мәдениет қызметкерлеріне 60 пәтер берілді

Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай президент атынан 60 пәтердің кілті табысталды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Сондай-ақ мәдениет саласы қызметкерлеріне 13 мемлекеттік награда табысталды.
«Мемлекет басшысының қолдауы тек марапатпен ғана шектелмейді. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үй мәселесін шешу бағытында да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Президент атынан Астана қаласында мәдениет және өнер қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталды. Биыл бұл игі бастама жалғасып, Алматы қаласында да сала өкілдеріне пәтер кілті табысталды. Мұндай қолдау шығармашылық адамдарының еңбегін нақты іспен бағалаудың айқын көрінісі», – деді Аида Балаева.
Тұрғын үй қолдауына ие болғандардың қатарында жетекші театрлар мен музыкалық ұжымдардың, білім беру ұйымдарының, кітапханалар, архивтер, музейлер, баспа және әдебиет саласының өкілдері, сондай-ақ мәдениет мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген мамандар бар.
Бұған дейін қазақ театр және кино өнерінің майталманы Азат Сейтметов президенттің қолынан «Қазақстанның Халық әртісі» жоғары атағын алды.