Елірмесі бар адамды өлтірген кім – полиция ма, жанармай құюшылар ма

2026 жылғы 22 мамыр күні Алматы қаласында даулы қылмыстық іс бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Сотталушылардың туыстары Махмұт Ақбаров, Гүлназ Мұсаева және адвокаттар Айтжан Әшімханов пен Инга Иманбай «мүгедектігі бар азаматтың полиция күш қолданғаннан кейінгі өлімі үшін жазықсыз адамдар сотталғаны» туралы айтты.
Сотталушылардың туыстары марқұм қазасына кім кінәлі екенін әлі де анықтау керек екенін айтады. Марқұмның шизофрения диагнозы болған. Әрі есірткі қолданғаны анықталған.
Жанармай бекетіндегі төбелес
Оқиға 2025 жылы 2 шілдеде болған. Алматы қаласындағы жанармай бекетінде ескірткі қабылдаған әрі елірмесі бар адам жан-жағындағыларға тиісіп, шабуыл жасай бастайды.
Туыстарының айтуынша, жанармай құюшы жас жігіттер өзін-қорғау мақсатында төбелес шығарған адамға қол жұмсауға мәжбүр болады. Тіпті, көлігіне жанармай құюға келген бір жүргізуші де елірмесі бар адаммен жаға ұстасуға мәжбүр болған.
Ауру адамнан жәбір көргендер де бар. Сондықтан оқиғаның куәгерлері полиция мен жедел жәрдемді қатар шақырған.
Полиция электрошокер қолданды
Делебесі қозған адам жанармай бекетінен кетіп, дәріханаға барып, ондағы сатушыларға және клиенттерге тиіскен. Жедел жәрдем келгенде фельшерлерге күш көрсетіп, қуған.
Сол уақытта полиция қызметкерлері келіп, елірген адамды ұстамақ болады. Алайда ол полицияға бағынбай, күш көрсетіп, төбелесуге оқталады. Екі полиция қызметкері оны жерге жығып, бірнеше мәрте электрошокер қолданады. Есінен танған кезде қолын скотчпен байлап, көлікке отырғызады. Бұл сәт бейнежазбаға да түскен.
Полиция бөлімінде өлген
Содан кейін елірмесі бар адамды Алатау аудандық полиция басқармасына әкеткен. Бірақ көп ұзамай, ұсталған адам қайтыс болады.
Содан кейін сотталғандардың бірі туыстарына хабарласып «Полиция адам өлтіріп, бізге жауып жатыр» деген.
Туыстары мен адвокат Инга Иманбай марқұм жанармайшылардың соққысынан өлді деген айыптауға күдік келтіріп отыр.
Қорғау тарапының айтуынша, марқұмға полиция қызметкерлері тарапынан электрошокер мен күш қолданылған. Оқиға полиция бақылауына алынғаннан кейін болған. Өлімнің нақты себебі толық зерттелмеген. Полиция қызметкерлерінің жауаптарында қарама-қайшылықтар бар. Сонымен қатар, бейнежазбалар мен дәлелдер сотта толық зерттелмеген.
Камералардың бейнежазбалары сот процесінде жоқ
Олардың пікірінше, адам өліміне дейін полиция тарапынан күш қолданылғанына қатысты нақты дәлелдер бар. Десе де, бұл жайттарға толыққанды құқықтық баға берілмеген.
Инга Иманбайдың пікірінше, марқұм Алатау аудандық полиция басқармасында қаза болған. Қорытынды берген де сол полиция бөлімі.
«Бірақ полицияның әрекеті баға берілмейді. Камералардың бейнежазбалары сот процесінде жоқ. Ол есіркіге мас болған. Оның үстіне диагнозы болған», – дейді адвокат.
Бір қызығы, марқұмның әпкесі оны 13 күннен кейін мәйітханадан тапқан.
Туыстардың талабы
Баспасөз мәслихатында жанармай бекеті маңында елірмесі бар адам шабуылынан қорғанып, бір-екі соққы жасаған, төбелесуге тура келген төрт адам сегіз жылға сотталғаны айтылды. Тағы бір адам алты жылға бас бостандығынан айырылған.
«Біздің талабымыз – істі қайта тергеу. Екінші сараптама жасау. Марқұмның омыртқасы үзілген дейді. Бірақ бейнежазбада омыртқасы үзілген адамға ұқсамайды», – дейді сотталушылардың туыстары.
Олар бастан алған соққыдан қайтыс болды дегенге сенбейді. Марқұмның электрошокерден де, есірткінің салдарынан да көз жұмуы мүмкін екенін айтады.