Кімдер әкімшілік рақымшылыққа ілінбеуі мүмкін

Мәжіліс амнистия туралы заң жобасын қарап жатыр. 2026 жылдың 17 наурызында президент елде алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатынын хабарлады. Сондай-ақ бірқатар қылмыстық істерге амнистия жарияланады.
Қылмыстық істерге қатысты рақымшылық
Заң жобасына сәйкес, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімі я болмаса мөлшері екіден бір бөлігіне қысқартылады.
Жазасын өтеп жатқан немесе оны әлі орындамаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген бөлігі келген шығынды және қойылған талапты өтеген жағдайда қысқарады.
- ауыр қылмыстар бойынша – үштен бір бөлігіне;
- аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бір бөлігіне қысқартылады.
Кімдерге рақымшылық жасалмайды?
Құжатқа сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағандарға рақымшылық жасалмайды. Сондай-ақ тізімге енгендер:
- террористік қылмыс жасағандар;
- кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық әрекетке барғандар;
- азаптаумен айналысқандар;
- өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар;
- жазасын өтеу кезінде қасақана қылмыстар жасағандар.
Әкімшілік жазадан кімдер босатылады
Құжатқа сәйкес, тізімге кәсіпкерлік субъектілері, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, заң кеңесшілері, сонымен қатар қандас мәртебесіне ие болған адамдардың осы заң қолданысқа енген күнге дейін төленбеген әкімшілік айыппұлы енген. Ескере кететін жайт, рақымшылыққа 2026 жылдың 17 наурызы сағат 00:00-ге дейін жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынған айыппұл ілігеді.
Бұл әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 685-735-1 баптарында көрсетілген уәкілетті органдарға (лауазымды адамдарға) қарастырылған.
Төмендегідей құқықбұзушылыққа барған азаматтар әкімшілік рақымшылыққа ілікпейді:
- балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу (383-баптың бірінші және екінші бөлігі);
- аңшылық шаруашылығын жүргізу қағидаларын бұзу (385-баптың бірінші бөлігі);
- ағаш кесілген жерлерді кесілген ағаш қалдықтарынан уақтылы тазартпау, орман соқпақтары мен кеспеағаш аймағына іргелес аумақтарды қоқыстау (387-бап);
- жануарларға қатыгездікпен қарау (407-1-баптың екінші бөлігі);
- Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу (407-2-баптың екінші бөлігі);
- ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу (408-баптың екінші бөлігі);
- атом энергиясын пайдалану кезiнде радиациялық қауiпсiздiк талаптарын бұзу (413-бап);
- ядролық қаруды таратпау режимiнiң талаптарын бұзу (414-бап);
- АИТВ жұқтырғандармен, соз ауруларымен, туберкулезбен ауыратындармен қатынаста болып жүрген адамдардың, сондай-ақ психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар не дәрiгердiң тағайындауынсыз есiрткi немесе психотроптық заттарды тұтынушы адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден жалтаруы (429-баптың бірінші, және екінші бөліктері);
- айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың жұқтыру көзiн және өздерiмен қатынаста болған адамдарды жасыруы (431-бап);
- медициналық, фармацевтикалық қызметпен айналысуға рұқсат беру құжаттарын алу кезiнде көрiнеу жалған мәлiметтер мен ақпарат беру (432-бап);
- ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу (445-бап);
- лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу (445-1-бап);
- көрінеу жезөкшелікпен айналысу, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсету немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну (450-баптың бірінші бөлігі);
- масс-медиа туралы заңнаманы бұзу (451-баптың төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші және он бесінші бөліктері);
- мерзiмдi баспасөз басылымдарының, теле- және радиохабарлар материалдарын тiркеудiң, сақтаудың мiндеттi тегiн даналарын беру тәртiбiн бұзу (454-баптың екінші бөлігі);
- Мемлекеттiк шекара режимiн бұзу (514-баптың бірінші бөлігі);
- Мемлекеттiк шекара арқылы заңсыз алып өту (515-бап);
- шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы (517-бап);
- шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту (519-бап);
- көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу (590-баптың сегізінші және оныншы бөліктері);
- көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы (591-баптың екінші бөлігі);
- белгiленген жүру жылдамдығын арттыру (592-бап);
- жол қиылыстарынан өту қағидаларын бұзу немесе жолдың жүру бөлiгiн кесiп өту (594-баптың төртінші және бесінші бөліктері);
- маневр жасау қағидаларын бұзу (595-баптың төртінші бөлігі);
- құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы (612-баптың төртінші, бесінші және алтыншы бөліктері);
- жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы (615-баптың екінші және үшінші бөліктері);
- масаң күйдегі жүргiзушiнi көлiк құралын басқаруға жiберу (619-1-бап);
- жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа жол құрылыстарын бүлдiру (630-баптың 1-1, екінші және үшінші бөліктері);
Бұған дейін қылмыстық істер бойынша амнистия 17 мың адамға әсер етуі мүмкін екені айтылды.