Полиция қызметкерін алдаған екі пранкер 15 және 10 тәулікке қамалды (видео)

Астана қаласында полиция қызметкерін алдаған екі пранкер әкімшілік жауапқа тартылып, 15 және 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Полиция қызметкерін алдаған адамдарды әлеуметтік желілерді тексеру барысында анықтаған. Оқиға елордадағы Қайық арнасы аумағында болған.
Пранкер жігіт құқық қорғау органдарының қызметкерінің дайындығын ерекше әдіспен «тексермек» болған. Ол суға батып бара жатқан адамға ұқсап, полицейден көмек сұраған. Сол сәтте тағы бір пранкер – жас қыз полиция қызметкерінен суға «құлап кеткен» жігітті құтқаруды өтінеді.
Полицей көп ойланбастан киімімен суға секіріп, әлгі жігітті жағаға алып шығады. Сол сәтте ғана өзінің алданғанын біледі. Абдырап қалған қызметкер «ойнамасаңдаршы» деп жауап қатады.
Алданған жігіт арнайы күзет қызметінде істейтіні мәлім болды. Құзырлы мекеме оның аты-жөнін жарияламады.
Полиция мұндай әрекетке жол берілмейтінін, қоғамдық тәртіпті бұзуға жататынын ескертті.
«Автор және көрініске қатысушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен олар 15 және 10 тәулікке қамалды», – деп хабарлады қала полициясы.
Астана полициясы азаматтарды қоғам тәртібін, су қоймаларында қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес берді.
Естеріңізге сала кетейік, 16 мамырда «Бәйтерек» маңында шампан атқан блогерге айыппұл салынған.