«Қазақ тілінде сөйлеу жеткіліксіз»: PR Forum-да тіл мен брендтің қатынасы талқыланды

Нарықтағы алпауыт компаниялардың көпшілігі қазақ тіліндегі аудиториямен сәтті байланыс жасай алмай отыр. Оған – қазақ аудиториясының қажеттілігін сезетін мамандардың болмауы кедергі. 21-22 мамырда Алматыда өткен XXII International PR Forum-да осы мәселелер талқыланды.
«Қазақ аудиториямен тек аударма арқылы байланысуға тырысады»
Көпшілік компаниялар қазақ аудиториясымен тек аударма арқылы байланысуға тырысады. Бірақ қазір аударманың заманы өткен дейді Halyk қайырымдылық қорының PR-менеджері Гүлнәра Досымшалова.
«Қазір әлеуметтік желілерде, оның ішінде қазақ аудиториясы белсенді отыратын Threads-те қазақ менталитетіне, қазақ мәдениетіне сай контенттер сұранысқа ие. Елге келіп жатқан көрші мемлекеттің әртістері де әлеуметтік желіде қазақша пікір жазып, қазақша пост жазуға тырысады. Ол не үшін? Қазақ аудиториясына сенім қалыптастыру үшін. Соның бір сәтті кейсі ретінде Светлана Лободаны айтуға болады. Алматыға келіп концерт берердің алдында аудиториямен дұрыс жұмыс жүргізе білді», – дейді Досымшалиева.
Қазақша контент орыс тілді контенттің көлеңкесі болып келе жатыр деген ол нарықта дау тудырған бірнеше кейсті талдап өтті. Оның ішінде Yandex Qazaqstan компаниясының Наурыз мерекесіне арналған жарнамасы да бар. «Наурыз дәәәәу болсын» деген слоган көпшіліктің сынына ұшыраған еді.
«Көпшілік компаниялар трендке ілесеміз дегенді мақсат тұтады, бірақ басқа аудитория қабылдамай қалатынын ескермейді. Осы тақырыпты зерттегенде алдыма жиі шыққан бірнеше мысалды атап өтейін. Соның бірі – Yandex Qazaqstan-ның «Наурыз дәәәу болсын» деген жарнамасы. Ең көп талқыланған жарнамалық науқанның бірі болды. Әдетте, біз «Наурыз мол болсын», «Наурыз ырыс-берекеге толы болсын» дейміз. Осы жарнамаға әлеуметтік желідегі оқырмандар көп сын айтты», – дейді Гүлнәра Досымшалиева.
Айта кету керек, жарнамалық кампанияға Yandex Qazaqstan өкілдері де пікір білдірген. Олар мұны аударма емес, түпнұсқасы қазақша ойластырылған жарнама деп түсіндірді.
«Наурыз дәәәәәу болсын» слоганы орыс тілінен аударма да, дайын идеяның бейімделуі де емес, ә дегенде қазақ тілінде ойластырылып жасалған креатив тұжырымдама екенін айта кету керек. Авторлар қазақ тілін тірі, икемді дүние ретінде қабылдап, оның аясында экспрессивті тәсілдер мен жаңа формалардың қолданылуына саналы түрде жүгініп отыр», – деп жазылған еді компания жауабында.
Сүйкімсіз «Sen Sulu»
PR маман жақында дау болған Sen Sulu брендін де тілге тиек етті. Оның түсіндіруінше, компания өкілдерінің тек орыс тілінде жауап қатуы, мемлекеттік тілді еш қолданбауы да жанжалды одан әрі өршіте түскен.
«Ол компанияның жіберген қателігі – аудиторияға бірден жауап бермеуі, үнсіз қалуы. Жан-жақтан танымал адамдарға дейін пікір жазып, сынға алғанда аудиторияға бірден жауап бере қоймады. Ал сөйлейтін уақыт келгенде маркетологы орыс тілінде пікір білдірді. Хейт айтқан қазақ тілді аудитория, мұны ескермеді. Түсінуіміз керек, қазақ аудиториясының ауқымы зор, ықпалы бар. Ал брендті өсіретін де, өшіретін де – аудитория», – дейді маман.
Бұл дау туралы Kursiv Media жазған еді. Отандық аудитория арасында беделіне дақ түскен, Ресей билігінің саясатын қолдайтын блогерді жарнамасына шақырған Sen Sulu үлкен сынға ұшырады. Кейін хейттің ықпалымен жарнамалық кампаниясын өшіруге мәжбүр болды.
Оқи отырыңыз: Sen Sulu желідегі хейттен кейін Валя Карнавал түскен жарнамалық роликті алып тастады
Қазақ тілді мамандарды көбірек тарту керек
Гүлнар Досымшалиеваның сөзінше, ірі компаниялардың PR стратегиясындағы қателіктің бірі – штатта қазақ тілді маманның бола бермеуі.
«Көпшілігі офисте қазақ тілінде сөйлейтін адамға аударма жасата саламыз деп ойлайды. Бірақ қазақша контент түсіру тек қазақ тілінде сөйлеу дегенмен бітпейді. Қазақша сөйлеу бөлек, сол саланы, сол аудиторияның күн тәртібін, ұлттық кодын түсіну мүлде басқа. Көпшілігінде аударма бар, бірақ локализация жоқ. Яғни оны аудиторияға қарай бейімдемейді», – дейді ол.
Бұл пікірді TechPR агенттігінің атқарушы директоры, Choco холдингінің пиар департаментін басқаратын Әнуарбек Жәлел де қолдайды.
«Міндетті түрде қызметкерлер арасында мықты тіл маманы болсын. Контентті әйтеуір, қазақша болсын деген ниетпен аударма жасау өте қате. Нарық оның бәрін көріп отыр. Аудиторияның көңіл-күйін, қажеттілігін білмеуі Sen Sulu кейсінен байқалып қалды. Кез келген қиын жағдайда тез әрекет ету үшін протокол болуы керек», – дейді спикер.
Әнуарбек Жәлел осыдан бірнеше жыл бұрын тіл дауына қалған кәсіпкер Рамиль Мухоряповқа қатысты кризисте жұмыс істеген. Сол дағдарысты шешу үшін қазақ тілді насихаттап жүрген топтармен де жұмыс істегенін айтады.
«Екі тілде қатар контент жасау – жемісті пиардың белгісі. Тек қазақ тіліндей сөйлей білу жеткіліксіз, қазақша ойлай білген дұрыс», – деп атап өтеді маман.
Жоғарыдағы кейстерді талдай келе мамандар қазақша контент – негізгі пиар стратегияның бір бөлігі болуы керек деген кеңес айтады.
Тағы да оқыңыз: Аударма агенттігі Қазақстандікі болуы керек – тіл маманы тың мәселені көтерді