Lifestyle

Қазақстандық бишілер Моттың концертінде өнер көрсетуден бас тартты

коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

21 мамыр күні Алматыда өткен ресейлік әнші Моттың концертінде кәсіби биші әрі хореограф Әнел Қалиеваның командасы өнер көрсетуіден бас тартқан. Хореограф шешімін желідегі парақшасында түсіндірді.

«Біз жанжалшыл адам емеспіз»

Әнел жағдайдың мән-жайын ашып айтпады. Тек концертке дайындық кезінде жергілікті бишілерге құрметсіздік көрсетілгенін жеткізді.

«Мен негізі мүлдем жанжалшыл адам емеспін. Егер маған тиіспесе, күліп жүре беремін. Бүгін біздің команда Моттың концертінде билеуі керек болған, бірақ біздің адамдарға сыйластық танытпайтынын байқап, билемейміз деп шештік! Солай үйге қайтып кеттік. Өмірімде бірінші рет осындай жағдайға тап болдым», – дейді Әнел Қалиева.

Хореограф бұл салада ұзақ уақыт жүргендіктен, ішкі кухняны, концерттер қалай өтетінін және ұйымдастырушылар қалай жұмыс істейтінін жақсы білетінін алға тартты. Оның пікірінше, қонақ болып келген жерде ең бірінші кезекте жергілікті мамандарға деген сыйластық пен кәсібилік таныту керек.

«Мүмкіндікті жіберіп алу»

Әнел стористе әртіс өкілдерінің «бұл екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен мүмкіндік қой, не болса да шыдап, билеп шығу керек еді» деп жазғанын көрсетті. Алайда Анель ресейлік әншімен билеуді мақтаныш санамайтынын меңзеді.

«Ол қандай мүмкіндік? Мен Қайрат Нұртаспен де билеймін. Мен үшін сол мүмкіндік, сол аңыз, ал бұған не істейсің?» – деп, шетелдік әртістің алдында жалтақтаудың қажеті жоқ екенін, отандық өнер иелерінің де деңгейі жоғары екенін жеткізді.

Бишілер өз ісінің маманы ретінде елде мұндай төмен деңгейдегі қарым-қатынас болмауы тиіс екенін тік айта алатынын көрсетті. Тіпті, соңғы сәттерде түсірілген видеоларда қыздардың амалсыздан, бәрі жақсы сияқты кейіп танытып, өтірік күліп тұрғанын да жасырмады.

Еске сала кетейік, Алматы аренада 24 мамыр күні Қайрат Нұртастың концерті өтеді.