Қытай инвесторы Шымкент полициясының заңсыз әрекетіне арызданды

Sin Yuan Steel қытай компаниясы Шымкент полициясының заңсыз әрекеттеріне шағымданды. Прокуратура инвестор уәжін тексеруге кірісті.
Арнайы жасақ зауытқа басып кірді
Оқиға 2026 жылы 6 мамырда болған. Арнайы жасақтың ондаған өкілі Шымкент қаласындағы зауытқа, сонымен бірге жұмысшылар тұрып жатқан жатақханаға басып кірген.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының ондаған қарулы өкілі сол күні Қытайдың 80-ге жуық азаматын ұстап әкеткен. Олардың ішінде екі ірі инвестор болған.
Мәліметтерге қарағанда, ертесіне 40 азамат қамаудан босатылды, алайда қалғандары әлі күнге дейін қамауда отыр.

Инвесторларды шошытты
Sin Yuan Steel құрылтайшысы Кэ Сююн полиция әрекетінен өндіріс тоқтап, қауіпті жағдай қалыптасқанын Kritika Shymkent басылымына мәлімдеді.
«Өндіріс тоқтап қалғанын ресми түрде мәлімдеймін. Өте қауіпті жағдай қалыптасты. Біз әзер дегенде апаттың алдын алдық. Мен, инвестор ретінде, осы оқиғадан қатты зардап шектім. Менің жұмысшыларым да өте қатты зәбір көрді. Осы оқиға кейін инвестициялық климатқа әсер етеді«, – деп есептейді қытай инвесторы.
Жергілікті басылым өндіріс аумағындағы бейнекамералар түсірген видеоларды да репортаж барысында пайдаланды. Видеодан арнайы жасақтың екі автобуспен келгенін, жұмысшылардың жатақханасындағы есікті теуіп кіргенін көруге болады.

Қытай компаниясының мүддесін қорғаушылар сол күні өндіріс аумағына адвокаттарды, аудармашыларды кіргізбегенін мәлімдеді. Заңгердің айтуынша, полиция ертесіне ғана қамаудағы азаматтардың кім екенін анықтауға кіріскен.
«Бізге рейд немесе құжаттарды тексеру жүріп жатқаны туралы ешқандай қағаз көрсетпеді. Көптеген шетел азаматы – біздің қызметкерлеріміз ұсталды. Олардың төлқұжаттарын жинап алып, осы уақытқа дейін қайтармай отыр. Ұсталғандардың көбісінің визасы бар. Визасы бар азаматтар ел аумағында еркін жүруге құқылы. Дегенмен біздің қызметкерлер мен инвесторлар қамауда отыр», – дейді Кэ Сююн.
Мәліметтерге қарағанда, Шымкент полициясы зауыт аумағында «мигранттарды күштеп ұстап, еңбекке жегіп жатыр» деген аноним қоңырауды тексеруге барған. Ол қоңырау Өзбекстаннан түскен делінеді.

Зауыт өкілдерінің айтуынша, Қытайдан келген екі ірі инвестор екі аптадан бері қамауда отыр. Олар зауыттың өндіріс қуатын арттыру үшін 30 млн доллар ала келген. Алайда, мамырдың басындағы оқиғадан соң, қомақты қаражатты кері алып кететін сияқты, деп топшылайды Kritika Shymkent.
Құрылыс материалдарын шығаратын Sin Yuan Steel Қазақстанда он жылдан бері жұмыс істейді. Қытай инвесторлары өндіріске 60 млн доллардан астам қаражат құйған. Компания жыл сайын Шымкент бюджетіне шамамен 6 млрд теңге салық төлеп отыр.
Прокуратура тексереді
Шымкенттегі оқиғаны Бас прокуратура тексеріп жатыр. Ресми хабарламаны құзырлы мекеменің баспасөз қызметі жариялады.
«Инвестордың уәждерін тексеру мақсатында Шымкент қаласының инвестициялық прокурорлары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді», – делінген шағын ақпаратта.
Қытай инвесторлары жергілікті полиция бизнеске әдейі кедергі жасады деп топшылайды. Соған байланысты олар Қазақстан президентінен осы даулы іске араласуды сұрайды. Өйткені мұндай жағдай елдегі басқа да инвесторларды үркітуі мүмкін, деп есептейді қытай кәсіпкерлері.
Бұған дейін Huating қытай компаниясының басшысы қазақ шенеуніктерін «бала күтушіге» теңеп, жергілікті әкімшілік ісіндегі кемшіліктер туралы айтқан.