Тұрмыстық зорлық-зомбылық: неліктен әр жетінші әйел күйеуіне оралғысы келеді

Алматыдағы дағдарыс орталығының төрағасы Зүлфия Байсақова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жәбірленушілер неге қол көтеріп, күш көрсеткен адамға қайтып оралағысы келетінін айтып берді.
Спикердің сөзінше, зардап шеккендер ең алдымен психологиялық қолдауға мұқтаж. Әйелдер мен балалар өзі-өзіне келіп, қорқыныш пен үрейді жеңіп, осындай оқиғаның салдарын еңсеру үшін көмекке жүгінеді.
«Әйелдер ұзақ жыл бойы жәбір көріп, қатты қиналғанда ғана көмек сұрайды. Себебі зорлық-зомбылықтың күшеюінен қорқады, агрессорға қаржылай жағынан тәуелді, үй-ішінің қысым көрсетуі мен қоғамның айыптауынан қауіптеді», – деді Зүлфия Байсақова.
Неліктен әйелдер бұрынғы өміріне қайта оралады?
Байсақованың айтуынша, бұрынғы өміріне оралудың басты себебі тұрғын үйдің жоқтығы, ақшадан тарығу, баланың болуы, туыстардың қысымы мен бауыр басып қалуы. Зорлық-зомбылықтан шығу үшін ұзақ мерзімді қолдау аса қажет.
Сонымен қатар көбі зорлық көргеннен кейін «өзгеремін» деген уәдеге бола қайтып оралады екен.
«Әр жетінші әйел күйеуіне оралғысы келеді»
Спикердің айтуынша, заңға және бүгінгі таңдағы жаңа саясатқа сәйкес, дағдарыс орталықтарының психологтары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істей отырып, оларды агрессормен (жәбір көрсетушімен) бірге жұптық жұмыс істеуге дайындайды.
«Біз зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмектесетін орталықтар салуға, оларды емдеп, қалпына келтіруге өте көп ақша жұмсап жатырмыз. Бірақ бұл – мәселенің тек бір жағы. Бірақ, маған сеніңіздер, әрбір жетінші әйел өзінің жұбайына, отбасына қайта оралғысы келеді. Сол себепті мемлекет 2024 жылы шешім қабылдап, заңға агрессорлармен жұмыс істеу туралы өзгерістер енгізді.
Сондықтан дағдарыс орталықтарының психологтары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен де жұмыс істейді және оларды агрессорлармен бірге өтетін бірлескен бағдарламаға дайындайды», – дейді ол.
Отбасылық зорлық-зомбылық азайған ба?
Зүлфия Байсақова ресми және бейресми статистика ек түрлі мәліметтерді беріп отырғанын айтты.
«Ресми статистикаға көз жүгіртсек, онда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылық фактілерінің азайғаны байқалады. Cебебі, жауапкершілік әкімшілік жазадан қылмыстық жазалау жүйесіне ауысты. Осыған байланысты агрессорларды (жәбір көрсетушілерді) жауапқа тарту процесі біршама күрделене түсті», – дейді ол.
Ал 150 нөмірі мен дағдарыс орталықтарының сенім телефондарына түскен қоңыраулардың саны үйдегі зорлық-зомбылық еш азаймағанын көрсетіп отыр.