Құрылтай сайлауы жақындады: депутаттар саяси додаға қатыса ма

Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымдағы төртінші сессиясының аяқталуына шамамен бір айдан аса уақыт қалды. Осыдан кейін Парламент өкілеттілігін тоқтатады. Ал саяси партиялар тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындықты бастайды. Осы орайда KursivMedia тілшісі бірқатар депутатқа «алдағы саяси дода – Құрылтай сайлауына қатысып, депутаттық мансабыңызды жалғастырасыз ба, әлде бұл сессия сіз үшін соңғысы бола ма?» деген сауал қойды.
Олжас Нұралдинов: «Құрылтайға қабылдаса, қуана барар едім»
9 ай бұрын Ержан Бейсенбаевтың орнын алмастырған Олжас Нұралдинов Мәжіліске келгеніне әлі бір жыл да толмағанын айтып, келесі Құрылтай сайлауына қатысқысы келетінін жеткізді. «Ақ жол» партиясы кандидаттары қатарынан лайық деп таныса, жұмысын жалғастыруға дайын екенін жасырмады.

«Өзім негізі қатысқым келеді. Өйткені Мәжіліске келгеніме де көп болмады, бір жылға толмады. Одан бері көптеген жұмыстар атқарылды. Келесі Құрылтайға кіремін бе, әлде жоқ па – оны алдымен сайлаушылар шешеді. Партияға дауыс беруі керек. Одан кейін партия Құрылтайға өтуі керек. Әрі қарай партияның шешімі болады», – деді ол.
Нұралдинов депутаттық қызмет саяси өмірдің жалғыз бағыты емес екенін де атап өтті.
«Құрылтайдың өзіне өтпесек те, ол саяси өмір аяқталды деген сөз емес. Жалпы Құрылтайға қабылдаса, қуана-қуана барар едім», – деді депутат.
Сондай-ақ ол осы уақытқа дейін белсенді жұмыс істегенін айтты.
«Қыркүйек айынан бері пленарлық отырыстарда жалпы 14 сауал жолдадым. Статистикаға қарасақ, бұл жоғары көрсеткіштердің бірі деп ойлаймын. Одан бөлек бірнеше заңның қабылдануына барынша үлес қостым деп санаймын», – деді Нұралдинов.
Айдарбек Қожаназаров: «Партия келесі саяси додаға дәмелі»
Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров партия келесі саяси додаға белсенді дайындалып жатқанын айтты.

«Мен депутат қана емес, партия төрағасымын. Әрине, біздің партия келесі Құрылтай сайлауына дайындалып, дәмеленіп жатыр», – деді ол.
Оның айтуынша, қазір партия ішінде үміткерлер тізімі жасалып жатыр.
«Сайлауалды бағдарламаларымызды дайындап жатырмыз. Депутаттар тізімін де әзірлеп жатырмыз, онда жүз адамнан көп. Олардың белсенділігі мен жетістіктерін ескеріп, іріктейтін боламыз», – деді Қожаназаров.
Сонымен бірге ол соңғы шешім сайлаушыларға байланысты екенін атап өтті.
«Құрылтай қатарына кіру әрі қарай сайлаушыларымыздың таңдауына байланысты деп ойлаймын», – деді депутат.
Темір Қырықбаев: «Партия ұсынса, сайлауға қатысуға дайынмын»

Темір Қырықбаев қазіргі негізгі мақсат – осы парламенттік сессияны аяқтау екенін айтты.
«Қазір бізде бір жарым ай шамасында уақыт бар. Бірінші мақсат – осы сессияны аяқтау», – деді ол.
Депутаттың сөзінше, келесі сайлауға қатысу мәселесі партия шешіміне байланысты болмақ.
«Әрі қарай партия тарапынан ұсыныс болса, міндетті түрде барамыз. Ұсынбайтын болса, басқа да жұмыстар көп. Мен өзім кәсіпкермін», – деді Қырықбаев.
Аманжол Әлтай: «Барлығы партия шешіміне байланысты»
Аманжол Әлтай да келесі сайлауға қатысу мәселесінде нақты шешім партия басшылығына байланысты екенін айтты.
«Бұл партия басшылығына тікелей байланысты. Сондықтан алдағы додаға түсемін, Құрылтайда депутат боламын деп кесіп айта алмаймын», – деді ол.

Мәжілісмен партия сенім білдірсе, сайлауға қатысуға дайын екенін жеткізді.
«Партия басшысы сенім артып, алдағы Құрылтайда партияның үміткерлер қатарынан лайық деп табатын болса, әрине тәуекел», – деді Әлтай.
Сондай-ақ депутат саясаттан бөлек жеке жоспарлары да бар екенін жасырмады.
«Әрбір саналы адамда жоспар міндетті түрде болады. Тек бір ғана бағытқа тіреліп қалу дұрыс емес деп ойлаймын. Сол себепті менің де өз жоспарларым бар. Ол партияның тікелей шешіміне байланысты», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін депутаттар Парламентте тек заңгерлер мен экономистер отыруы керек пе деген сауалға қатысты пікір білдірген болатын.