Адамзат тарихындағы ең үлкен зымыран сынақтан өтті

23 мамырға қараған түні SpaceX компаниясы тарихындағы ең үлкен зымыран, Starship-тің, жаңартылған V3 нұсқасын сынақтан өткізді. Зымыранның Техастағы космодромнан ұшуы Илон Масктің X желісінде тікелей эфирде көрсетілді.
Сынақ сәтті өтті. Алып зымыран ғарышта бір сағаттай қалықтап, кейін Үнді мұхитына аман-есен қонды. Тіпті қону кезінде алты қозғалтқыштың бірі істен шықса да, аппарат бағытынан таймай, су бетіне тік қалпында қона алды.
Бұл – 2025 жылдың қазанынан бергі алғашқы үлкен сынақ. Осыған дейінгі зымыран ұшудың көбі сәтсіз аяқталған еді. 2023 жылы алғашқы нұсқасы ауада жарылып кеткен. Ал осыдан бір күн бұрын ұшуға санаулы секундтар қалғанда техникалық ақау шығып, сынақ тоқтаған еді.
Starship жүйесі адамзат тарихындағы ең ірі зымыран саналады. Оның биіктігі тіпті АҚШ-тағы Бостандық мүсінінен де асып түседі. Зымыран екі негізгі бөліктен тұрады: Super Heavy үдеткіші және Starship жоғарғы сатысы. Ең басты ерекшелігі – екі бөлігін де бірнеше рет пайдалануға арналған.
NASA бұл зымыранды 2028 жылға қарай Айға ұшу үшін пайдалануды жоспарлап отыр. Ал Илон Маск Starship арқылы адамдарды Марсқа жеткізуді көздейді.
Бұған дейін Илон Масктің қызыл ғаламшарда 1 млн адамға қоныс мекенін тұрғызу туралы жоспарын жазған едік. Егер ол жоспары орындалса, Маск өте үлкен көлемде сыйақы алады.