Lifestyle

Қазақстандық тревел-блогер әлемдік WIBA Awards сыйлығын жеңіп алды

Қазақстандық блогер WIBA Awards 2026-де «Үздік тревел-блогер» атанды / Фото: instagram.com/bydastann

Қазақстандық блогер Дастан Мұхамедрахым Францияда өткен WIBA Awards 2026 халықаралық марапатында «Үздік тревел-блогер» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды.

Блогер марапат алған сәтін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Канны қаласында «Үздік Саяхатшы блогер 2026» марапатын иелендік! Аллаға шүкір деп жазды блогер.

Сондай-ақ Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов блогерді құттықтап, Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттауға қосқан үлесін атап өтті.

«Бұл беделді халықаралық марапат — қажырлы еңбек пен жоғары кәсібиліктің нәтижесі. Жуырда ғана Дастан Мұхамедрахымовқа еліміздің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттауға қосқан үлесі үшін «Туризм саласының үздігі» төсбелгісін табыстаған едім. Бұл — оның еңбегіне берілген лайықты баға», – деді ведомство басшысы.

Министр атап өткендей, Дастанның фото, видео және авторлық контенті арқылы миллиондаған адам Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін танып, елімізге саяхаттауға қызығушылық танытып келеді.

«Оның Қазақстан туризмін әлемге заманауи форматта танытудағы еңбегі ерекше құрметке лайық. Бұл жеңіс — тек Дастанның ғана емес, тұтас Қазақстан туризмінің жетістігі. Алдағы уақытта да шығармашылық табыс, тың идеялар мен жаңа халықаралық белестер тілеймін», деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік Мұхамедрахым гиперлапс форматында бейнероликтер түсіріп, Қазақстан табиғатын әлемге танытып жүр.

Мұхамедрахым Marvel және Sony компанияларымен де әріптестік орнатқан. Мәселен, Marvel қазақ блогеріне «Өрмекші адам: Жаңа күн» (2026) фильмінің трейлерін алғашқылардың бірі болып көрсетуді ұсынған. Ал актер Том Холланд қолдау көрсеткені үшін Дастанға алғыс айтқан.