Алматы облысында 32,5 млрд теңгеге фармацевтикалық зауыт салынады

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Алматы облысында 32,5 млрд теңгеге  фармацевтикалық зауыт салынады
Алматы облысында 32,5 млрд теңгеге фармацевтикалық зауыт салынады/ Фото: Shuttertsock

Үкімет Алматы облысындағы «Алатау» АЭА аумағында толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жөніндегі инвестициялар туралы келісімді мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 32,5 млрд теңгені құрайды. Фармацевтикалық зауыт дәрілік препараттың 20 түрін шығаруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілер, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық препараттар бар.

Кәсіпорынды іске қосу 2031 жылға, жобалық қуатқа шығу 2032 жылға, ал негізгі бағыттар бойынша толық циклге көшу 2034 жылға жоспарланған.

Жобаны жүзеге асыру елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға және Алматы облысы аумағында заманауи фармацевтикалық өндіріс инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Шамамен 60 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жалпы қазіргі таңда елде фармацевтикалық өндіріс саласында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Фармацевтика саласы оң динамика көрсетіп отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға өскен. Салаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 390 млрд теңгеден асты.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыт салынатынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз