Алматыда мектеп түлектерінің ата-анасына айыппұл салынды

Алматыда соңғы қоңырауда автокортеж ұйымдастырғандардың ата-анасына айыппұл салынды.
Қала полициясының хабарлауынша, мектеп түлектері автокортеж ұйымдастырып, жол қозғалысы талаптарын бұзған.
«Кәмелетке толмаған 21 жасөспірімнің ата-анасы балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар көлікті пайдалану қағидаларын бұзу дерегі бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, қалада полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ полиция ата-аналар мен мектеп түлектерін мерекеге жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырды.
Бұған дейін Алматы қаласының білім басқармасы мектеп бітіру кешіне ақша жинаған мектеп пен аудандық білім басқармасына сөгіс жариялады.