Ақтауда полиция түлектердің көліктерін бөгеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
Фото: Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Ақтау қаласында полиция түлектер мінген көліктердің қала сыртына шығатын жолдарын жапты.

Әлеуметтік желілерде жолдағы кептелістер мен Шора каналы маңындағы ұзын-сонар көлік легі түсірілген видеолар тарады. Кадрларда полиция қызметкерлерінің мектеп бітірушілерді қала сыртына шығармай жатқаны көрінеді.

Lada.kz ақпаратына қарағанда, Маңғыстау облысы полиция департаменті шектеулер түлектерге ғана қатысты екенін мәлімдеген. Ведомство мәліметінше, жастарға демалыс базаларына және Ақтау мен Жаңаөзен арасындағы ұшу жолағы бағытына шығуға тыйым салынған.

Полицияның айтуынша, басқа тұрғындардың қозғалысына шектеу жоқ. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қабылданған. Өткен жылы түлектердің қатысуымен көп тосын оқиға тіркелгендіктен, полиция күшейтілген режимде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Пікір білдірушілердің басым бөлігі полиция әрекетін қолдап отыр. Өйткені, мұндай шектеулер жастардың қауіпсіздігі үшін қажет. Ал кейбіреулері түлектердің мектеп бітіру кешін тыныш атап өткісі келетінін айтып, шектеулерді сынға алған.

Айта кететін жайт, кейбір қазақстандықтар соңғы қоңыраудың жарысқа айналып бара жатқанына наразылық білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз