Астаналық мұғалім 13,5 тонналық автобусты сүйреп, әлемдік рекорд орнатты

Астана қаласының №50 мектебінде жұмыс істейтін мұғалім Айгүл Ержанова 13,5 тонналық автобусты сүйреп, әлемдік рекорд орнатты.
Kazinform хабарлауынша, мұғалімге жаттықтырушысы Айбар мен оның досы Ержан қолдау көрсеткен. Сондай-ақ ол бұл әрекеті арқылы мектеп бітіруші түлектерге мотивация бергісі келген.
«Мен мектеп бітіріп жатқан жастарға қолдау көрсетіп, өз мақсаттарына сенімді түрде ұмтылсын дедім. Адам арманына шын ниетпен ұмтылса, ол міндетті түрде орындалады», – деді Айгүл Ержанова.
Өткен жылы ол жалпы салмағы сегіз тонна болатын екі пикапты 57 метрге сүйреп, рекорд орнатқан еді. Биыл мұғалім өз нәтижесін жаңартып, 13,5 тонналық автобусты таңдаған.
Мұндай рекордтар әлемде бұрын да болған. Алайда 50 жастан асқан әйелдер арасында мұндай салмақтағы автобусты сүйреу әрекеті алғаш рет тіркеліп отыр.
Айгүл Ержанованың есімі әлемдік рекордтар кітабына екінші рет енбек. Өткен жылы Каир қаласында өткен пауэрлифтингтен ашық әлем чемпионатында Айгүл Ержанова екі алтын медаль жеңіп алған.
Айта кететін жайт, Еуропа елдерін жаяу аралаған ақсақал «Құрметті спорт қызметкері» атанды.