Бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовты психиатриялық мекемеге ауыстырды

Қамауға алынған бұрынғы дін-қызметкері Иаоков Воронцовты мәжбүрлі түрде психатриялық мекемеге ауыстырған. Бұл туралы «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» (ҚХАҚБ) мәлімдеді.
Бюро дерегінше, Воронцовты психиатриялық емдеу үшін арнайы мекемеге 18 мамырда ауыстырып жіберген.
«2026 жылғы 18 мамырда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты тергеушінің прокурормен келісілген өтінішхаты негізінде Воронцовқа қатысты шешім шығарды. Сот қаулысымен оны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, орнына сотқа дейінгі өндірістің бүкіл мерзіміне (бірақ бір айдан аспайтын уақытқа) психиатриялық көмек көрсететін мамандандырылған стационарға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы қолданылды», – деп жазылған бюро сайтында жазылған мәлімдемеде.
Құқық қорғаушылар дерегінше, бұрынғы дін қызметкерінің қорғаушылары бұл туралы білмеген. Сот екінші тарапқа ескертусіз, жеке дара шешім қабылдаған. Заңгерлер мұны құқық бұзушылық деп бағалады.
«Аталған сот шешімі күдікті мен оның адвокаттарына хабарланбай шығарылды, олар өтінішхатты қарау кезінде сот отырысына қатысқан жоқ. Біздің пікірімізше, бұл жағдай Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (ҚР ҚПК) 23-бабында кепілдік берілген қылмыстық процестегі тараптардың теңдігі мен жарыспалылығы қағидатын өрескел бұзу болып табылады», – дейді бюро өкілдері.
Бұған дейін Азаттық Алматыдағы тергеу соты Воронцовты психиатриялық сараптамадан өткізу туралы шешім қабылдағанын хабарлаған.
Иаков Воронцов 2023 жылға дейін Орыс православ шіркеуінде жұмыс істеді. Кейін Ресейдің Украинаға соғысын айыптап, қызметінен алынды.
Ал осы жылы ақпанда «есірткі құралдарын тұтынуға арналған притон ұйымдастырды» деген күдікпен ұсталған. 25 ақпанда екі айға қамауға алынды.