Шетелде тұру ықтиярхатын рәсімдеу ережесі өзгерді

Қазақстаннан шетелге қоныс аударуға арналған құжаттарды рәсімдеу тәртібі жаңартылды. Енді мемлекеттік қызметті алу үшін азаматтар өтініш-сауалнаманы қажетті құжаттармен бірге Мемлекеттік корпорация немесе портал арқылы тапсырады.
Портал арқылы жүгінген жағдайда өтініш-сауалнама электронды форматта толтырылады. Құжаттардың электронды көшірмелері ЭЦҚ арқылы расталып тіркеледі.
Құжаттар толық тапсырылғаннан кейін мәліметтер көші-қон жүйесіне енгізіледі. Осыдан соң мемлекеттік органдар тексеру жүргізіп, өтінішті мақұлдау немесе бас тарту мәселесін қарайды. Тексеру аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде шетелге тұрақты тұруға шығуға рұқсат беру немесе бас тарту туралы шешім қабылданады. Бұл ақпарат сол күні жүйеге енгізіледі.
Хабарлама алынғаннан кейін қызмет алушы бір жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияға барып, жеке куәлігін немесе шетелдікке берілген ықтиярхатын тапсыруы тиіс.
Еске салайық, жыл басында шетел азаматтары ықтиярхат алу үшін қазақ тілінен тест тапсыруға міндеттелетіні мәлім болған еді. Ақпан айында А1 деңгейі жеткілікті болса, наурызда мигранттарға арналған ресми платформада талап В2 деңгейіне дейін көтерілді.