Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: полиция қызметкеріне қатысты тергеу аяқталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: gov.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
фото: gov.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты полиция қызметкеріне қатысты тергеу аяқталды.

Құқық қорғау органының қызметкерінің әрекетсіздігі апатқа себеп болды деп танылған. Қазір қылмыстық іс бойынша жиналған барлық материалдар тараптарға танысу үшін берілген.

ІММ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті тыйым салынған сериядағы мемлекеттік тіркеу нөмірін заңсыз беру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Қылмыстық іс тергеу сатысында. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайды.

Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr көлігінің жүргізушісі жарыс ұйымдастырған. Соның салдарынан Mercedes-Benz көлігімен соқтығыс болып, үш адам – жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі қыз қаза тапқан.

Сараптама нәтижесінде Zeekr жүргізушісінің жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды.

Мұның алдында осы қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 28 мамыр 15:00-де өтетіні айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз