Алматыда пилотсыз такси қашан іске қосылатыны белгілі болды

2026 жылдың екінші жартысында елімізде пилотсыз таксилері іске қосылады. Бұл туралы ЖИ министрлігі хабарлады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Yandex Qazaqstan» және «inDrive» компанияларымен бірлесіп, қалалық инфрақұрылымды осы жаңашылдыққа дайындау бойынша кешенді жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Техникалық база мен бейімдеу жұмыстары
Жобаны іске қосуға дайындық өте белсенді кезеңде тұр. «Yandex Qazaqstan» мамандары қазірдің өзінде қажетті техникалық базаны қалыптастыруға кірісті: Арнайы мамандандырылған гараждар жабдықталып жатыр. Автономды автомобильдер паркі елге әкелінді. Көліктердің бағдарламалық жасақтамасы (ПО) Қазақстанның жол жүру ережелері мен нақты жол жағдайларының ерекшеліктеріне толықтай бейімделу үстінде.
«Реттеуіш құмсалғыш» механизмі
Қазақстанда пилотсыз көліктерге арналған қауіпсіздік, навигация және жол қозғалысын ұйымдастыру талаптары бойынша профильді нормативтік база әлі қалыптасу сатысында. Сол себепті жоба арнайы «реттеуіш құмсалғыш» механизмі аясында жүзеге асырылады. Бұл технологиялық шешімдерді толық бақыланатын жағдайда сынақтан өткізуге және болашақта қажетті заңнамалық базаны әзірлеуге мүмкіндік береді.
Пилотсыз көліктердің қозғалысы әрдайым оператордың тұрақты бақылауында болады. Жоба жолаушылар мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне толық кепілдік беріліп, инфрақұрылымның дайындығы расталғаннан кейін ғана ресми түрде іске қосылады.
Алматы да тізімде
Автономды көлік экожүйесін дамыту шеңберінде тек бір компаниямен шектелмей, inDrive компаниясымен де ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Алматы қаласы бойынша пилотсыз таксопарктердің қозғалыс схемалары қазіргі уақытта жобалану үстінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін алғашқы пилотсыз таксилер Қосшыда пайда болатыны туралы жазған едік.