«Ақтөбе» ФК жарақат алған жанкүйерге сыйлаған Луиш Нанидің жейдесі OLX-тан табылды

«Ақтөбе» футбол клубы жарақат алған көрерменге табыстаған сыйлықтар OLX сайтында сатылымға қойылған.
Халықстан ақпаратына қарағанда, бұл жайт әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Хабарландыруда 17-нөмірлі ойыншы Луиш Нани қолтаңба қойған футболка 400 мың теңгеге бағаланған. Ал екі жылдық абонемент 60 мың теңгеге сатылымға шығарылған.
Желі қолданушылары футболканы сату туралы хабарландырудағы Нанимен бірге түскен жас жігіттен жарақат алған Аянай Елтоқованың жұбайын таныған.
Бұған дейін әйел «Ақтөбе» мен Алтай арасындағы матч кезінде жарақат алып, кейін клуб татуласу белгісі ретінде оған футболка мен абонементтер сыйлаған еді. Сыйлықтарды Луиш Нанидің өзі табыстаған.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желідегі пікір екіге бөлінді. Бірі сыйлық иесі оны қалай пайдаланам десе де өз еркі екенін айтса, енді бірі мұндай естелік сыйлықтарды ешқашан сатпас едік деп жазған.
Хабарландырулар бірнеше күн өтсе де әлі тұрғандықтан, заттар әзірге сатылмағаны байқалады.
13 мамыр күні өткен футбол матчы ауыр жарақатпен аяқталды. FC Aktobe мен FC Altai арасындағы ойын кезінде трибунада отырған әйелдің бетіне доп тиген.
Салдарынан төрт баланың анасы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды. Дәрігерлер оған жабық бас-ми жарақатын, ми шайқалуын анықтап, бетіне тігіс салған. Зардап шеккен әйелдің айтуынша, оны қатты бас ауруы, күйзеліс пен ұйқысыздық мазалаған.
Айта кететін жайт, «Ақтөбе» футбол клубының жұлдызды ойыншысы Луиш Нанидің жаттығу алаңының сапасына көңілі толмады.